Жарияланды: 680

Локомотив құрастыру зауытында шығарылған отандық ТЭ33А-0072 тепловозына Елтаңба жапсыру рәсімі өтті

Бүгін Астанадағы Локомотив құрастыру зауытында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы темір жол саласының «Evolution» отандық тепловозының бесінші буынына Елтаңба жапсырудың салтанатты рәсімі жүзеге асты.

Осыған орай, аталған зауытта журналистерге арналған брифинг болып өтті. «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ фирмалық логотипін жазу және Қазақстан Республикасының Елтаңбасын бекіту - темір жолдың жылжымалы құрамын дайындаудағы күрделі жұмыстардың қорытындысы болып табылады. Соған орай «Evolution» сериясындағы зауыттың 72-ші өнімі (ТЭ33А-0072 тепловозы) зауыт логотипімен және Елтаңбамен мөрленді. Елтаңбаны бекітудің салтанатты рәсімін зауыттың слесары Нұрлан Әшімов жүзеге асырды. Зауыт басшысы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаевтың айтуынша, былтырғы 2010 жылы зауыт қабырғасында осындай 30 тепловоз құрастырылған. «Биылғы жылы оның 79-ын шығару көзделіп отыр. Бүгінгі Елтаңба беккітілген тепловоз біздің биылғы жылғы шығарған 42-ші өніміміз болып табылады», - деді М. Тілеубаев. Оның айтуынша, тепловозды құрастыру екі фазадан тұрады. Бүгінгі күні зауыт оның бірінші фазасын игерген. Ал келесі жылдың қаңтарынан бастап екінші фазадағы топловоздар шығарыла бастайды. Естеріңізге сала кетейік «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Зауыт 2009 жылғы шілденің 3-інде Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Сол жылы желтоқсан айында елімізде шығарылған алғашқы тепловоз пайдалануға берілген еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін