4 жыл бұрын Бейжіңде өткен соңғы Олимпиада ойындарында 63 динамошы спорттың 14 түрі бойынша қатысып, 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль ұтып алды. Олардың арасында ауыр атлетикадан Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев Олимпиада чемпионы атанды. Ал ауыр атлетикадан Анна Важенина мен Ирина Некрасова, еркін күрестен Таймураз Тигиев, дзюдодан Асхат Жіткеев күміс жүлдегер болды. Сондай-ақ грек-рим күресінің шеберлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, еркін күресші Марид Муталимов, таэквондошы Арман Шілманов және ауыр атлет Мария Грабовецкая қола жүлдені еншіледі.
Бұл дүбірлі додада Қазақстан байрағын көтеру құрметі Нұрмахан Тінәлиевке сеніп тапсырылып отыр. Онда ел намысын Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Гузель Манюрова, Жұлдыз Ешімова-Төртбаева (күрес түрлерінен), Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов, Марина Вольнова (бокс), Максим Раков, Сергей Лим, Ислам Бозбаев (дзюдо) сынды саңлақ динамошылар қорғайтын болады.