Ұлттық құрамаға келгелі бері ондай дайындықты бірінші рет көріп отырмын. «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген Қызылорда облысы Жаңақорған қаласының тумасы, Лондон Олимпиадасына қатысатын еркін күрес палуаны Дәулет Ниязбеков (55 келі) осылай айтты.
«Шыны керек, бапкерлер барын салып, бізді дайындап жатыр. Әрине, ауыр. Бірақ осы аптаға шыдау керек. Себебі бұл — соңғы дайындық», — дейді Д.Ниязбеков. Спортшы атап көрсеткендей, Лондонда оның салмағы бойынша Ресейдің үш дүркін Еуропа чемпионы Джамал Отарсұлтанов, сондай-ақ Коеря мен Болгарияның кәсіби палуандары белдесетін болады. «Дегенмен, бәріміз бірдейміз ғой. Ол жақта кімнің дайындығы жоғары болса, сол ұтады», — дейді Әлем чемпионатының қол жүлдегері (Ыстамбұл,2011), Қазақстан чемпионы Д.Ниязбеков.