Еркін күрестен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Таймұраз Тигиев пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Абдулхаким Шапиевке қоса садақшы қыз Анастасия Баннова мен академиялық қайық есу шебері Григорий Феклистов те Лондон жолдамасынан үмітті.
А.Дергунов сынға түсетін байдарка — бұл спорттық қайықтың түрі бір, екі және төрт кісілік болып бөлінеді. Олимпиада бағдарламасына сәйкес, байдаркашылар бәсекесі 200 және 400 метр қашықтықта өтеді.
Алексей Дергунов 1984 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Қаладағы №3 мектептің түлегі. Бір қызығы, Шаған өзеніне жақын орналасқандықтан ба, қайық спортына қызығушылардың 100 пайызға жуығы осы білім шаңырағының шәкірттері көрінеді. Сондықтан спорт мектебіне Алексейді аяқ астынан келді деуге болмайды. Он екі жасында ағасының айтуымен байдаркаға отырған Леша әуелі жасөспірімдер, сосын жастар, кейін ересектер арасындағы турнирлерде топ жарды. Бейжің олимпиадасына қатысып, үздік алтылыққа енді. Қазір оқу-жаттығу жиындарында әзірлігін пысықтап жүрген спортшының бапкері — байдарка есуден әлем чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, оралдық Александр Акунишников.
-Таяуда Беларусьтың Мозырь қаласынан, Припять өзеніндегі оқу-жаттығу жиынынан оралдық. Жалпы, беларусьтар бұл мәселеде әлемдік деңгейде мойындалып отыр. Материалдық-техникалық база таңдай қақтырады. Қайықтың түр-түрін былай қойғанда әрбірінің құны 3,5 мың АҚШ долларын құрайтын осы заманғы компьютерлік тренажерлердің өзі 30-дан асады. Бұл тренажерлер спортшының аяқ, қол, кеуде бұлшық етін асқан дәлдікпен шынықтырады. Оған қоса әр спортшыға дербес сылаушы (массажист) маман бекітіледі. Физиолог ағзаның жалпы жағдайына жауап берсе, биохимик әр жаттығудан кейін сараптамадан өткізу арқылы спортшыға қанша жүктеме беру қажеттігін нақты көрсетеді. Эмоционалдық көңіл күйді қалыпқа түсіретін психолог маман да бар. Жақсы жағдай жасалғасын беларусьтар дүниежүзінде жетекші орынға шықты. Күні бүгін көптеген әлем чемпиондарын айтпағанда, алты бірдей олимпиада чемпионы Беларусьтың абыройын аспандатты. Солармен қатар жаттығу біз үшін де үлкен тәжірибе, — дейді бапкер.
Дергуновқа олимпиада жолдамасы бұйырған жарыс — 2011 жылы Иранның астанасы Тегеранда өткен Азия чемпионаты. Осы құрлықтық бәсекеде А.Дергунов, Е.Алексеев жұбы өзбек және иран спортшыларын қапы қалдырып, жеңімпаз атанған. Олимпиада жолдамасы оңды-солды үлестірілмейді. Оған тек әлем чемпионатында бір мен сегізінші орындарға дейін табан тіреген байдаркашылар қол жеткізеді. Сосын әрбір құрлықтың тек қана жеңімпаздары жіберіледі. Әлемде бәсеке күшті, ал Азияда айымыз оңынан туып тұр. — Қарсыластар да қарап жатқан жоқ. Соңғы әлем чемпионатына 93 мемлекет, Азия чемпионатына 45 ел қатысты. Сары құрлықта қытайлар, ирандықтар, өзбектер бізді өкшелеп қалды. Олардың көрсеткіші жақсы болуының екі себебі бар. Біріншіден, ол елдерге еуропалық бапкерлер келісімшартпен барып жатыр. Екіншіден, азиялық мемлекеттердің спортшылары жылдың жартысына жуығын қайық спорты қарқынды дамыған Еуропада өткізеді. Сондықтан нәтиже де бар. Өзіме келер болсам, алдағы олимпиадада бар күш-жігерімді салып, жүлдеге ілінсем деп армандаймын, — дейді Алексей. Алексейдің ендігі арманы — жаңа байдарка алу. Қазіргі қайығы 2007 жылғы. Талай турнирлерге қатысқандықтан, біржола тозбаса да, жылдамдығы біраз бәсеңсіпті. Уақыт өте келе қандай қатты материалдан жасалса да, байдарка жұмсарады екен. Жұмсақ болса, судың өзі кәдімгідей кедергі. Оның үстіне қазір қайықтардың конструкциясы жиі өзгеруде. Жеңімпазды секундтың жүзден бір бөлігі анықтайтын жарыста ұсақ-түйек мүлде болмайды екен. — Байдаркашылар бәсекесінде бір секундтың ішінде жеті-сегіз қайық мәреге келеді. Кімнің жеңгенін қайықтың тұмсығындағы жерсеріктік құрал ғана анықтайды. Сондықтан олимпиада аламанына қатысатын Алексейдің қайығын жаңалап берсе, жақсы болар еді. Әрине, байдарканың бағасы қымбат. Бір кісілігінің бағасы 3 мың, екі кісілігі 4 200 доллар тұрады. Қайықтан бөлек әрбір ескектің құны 310 АҚШ доллары көлемінде. Алайда бұл мәселе көп кешікпей оң шешілеріне сеніміміз мол, — дейді Александр Акунишников. Байдаркашыға тамақтануда шектеу қойылмайды. Қазақы еттен бастап, қара уылдырыққа дейінгі ағзаға қуат беретін тағамдарды жесе пайдалы. Күшің мен салмағың болмаса, үп еткен желдің өзі спортшыны қайығымен бірге аударып жіберуге жеткілікті екен. Тағы бір керек қасиет — ептілік, төзімділік.
-Орал — Қазақстандағы қайық спортымен шұғылдануға ең қолайлы өңір. Спорт мектебі Шаған өзенінің дәл жағасында тұр. Мысалы, Шымкентте су қоймасы базадан 25 шақырым жерде. Оған қайық-құралыңды арқаланып жеткенше сілең құриды. Жарыстан кейін кері қайту тағы бар. Яғни жағырапиялық жағдайдың өзі бізге спорттың осы түрін өрістет деп тұр. Өкініштісі, құрал-жабдық жетіспейді. Соңғы бес жылда кәсіби қайықты айтпағанда, жаңадан жаттығып жүрген жеткіншектерге арналған бірде-бір қайық алынған жоқ. Жеткіншектер де бұрынғыдай жапырылып келмейді. Соған қарамастан, аздап болса да резерв бар. Мәселен, сол Ирандағы Азия чемпионатына қатысқан Овчинников, Бахирев деген жасөспірімдеріміз өздерінен екі жас үлкендермен жарысып, күміс медаль алды. Тек әлем чем-пионатының күміс жүлдегерлерінен ғана ұтылды. Тиісті жағдай жасалса, Оралдан әлі талай чемпиондар шығады, — дейді Александр бапкер. Арада бірер күн өткенде Алексей бапкерімен бірге айыр қалпақты ағайындар еліне аттанды. Әйгілі Ыстықкөлде кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізетін олар әрі қарай Францияға ұшып, олимпиада өтетін Еу-ропаның қақ төріне бой үйретпекші. Жаттығудың жемісін Лондон айдыны көрсетеді.