Үш кезеңде де боксшылар тең жұдырықтасты, есеп — 13:13. Дегенмен үшінші раундта Әділбектің қарсыласынан сәл басымдық танытуы, төрешілердің оған жеңісті алып беруіне себеп болды. Осылайша бүгін Тұманды Альбион төрінде екі боксшымыз финалдық кездесуге жолдама алды. Есте болса, осыдан бір сағат бұрын Серік Сәпиев ресейлік Андрей Замковойдан айласын асырып, Олимпиада «алтыны» үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алған еді.
Айта кетейік, Әділбек 1/8 финалда эквадорлық Карлос Гонгора Меркадоны, ал ширек финалда ирандық Эхсан Роузбаханиді ұтқан болатын.
Әділбек Ниязымбетов Бакуде бокстан болған Әлем чемпионатында Қазақстан үшін бірінші олимпиадалық жолдаманы таза нокаут арқылы ұтып алған еді. 21 жастағы ақтаулық боксшы еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 2007 жылы өткен халықаралық турнирде, 2008 жылы республикалық турнирде, осы жылы «Азов теңізі кубогі» халықаралық сайысында, 2009 жылы «Жібек жолы» халықаралық турнирінде 1-ші орынды иеленген.
Олимпиада қарсаңында осы спортшы жайында пікір білдірген М. Айтжанов: «Меніңше, ол коммуникабельді, әр қадамын есептей алатын, сондай-ақ техникалық тұрғыда сауатты боксшы. Біздің ойымызша, Бакуге оны ертіп барғанда қателескен жоқпыз. Бұл сайыста Әділбек күміс жүлдені алды. Оған сәл-пәл дайындық жетіспеді. Меніңше, алдағы уақытта оны физикалық тұрғыда шыңдай түсеміз. Ол Лондонда жоғары нәтиже көрсетуі тиіс», — деген еді. Расында да қазірдің өзінде Әділбек тамаша нәтижеге қол жеткізіп отыр. Енді одан Олимпиада «алтынын» күтеміз.