Жиынға қатысуға Ұлыбританияның академиялық топтарының өкілдері, Қазақстандаы экономикалық реформалар тақырыбын мұқият зерттеп жүрген Лондон бизнес мектебінің тыңдаушылары, сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан іскертоп өкілдері мен өз қызмет аясын кеңейту үшін елдегі рынокты зерттеуші кәсіпкерлер ниет білдірген.
Бас қосуда сөз сөйлеген елші Ерлан Ыдырысов жиынға қатысушыларға еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы басымдық берген бағыттары туралы әңгімелеп берді. Ол индустриялық-инновациялық саясаттың маңызы мен оны жүзеге асыру бағытындағы шаралар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында алға қойылған экономикалық және саяси міндеттер туралы айтып берді.
Shell және BG Group компанияларының өкілдері жиналғандарға Қазақстандағы өз іс-қызметінің басты бағыттары туралы әңгімелей отырып, елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын, соның нәтижесінде инвестиция тарту саласында Қазақстанның ТМД елдері арасында алдыңғы орынға көтеріліп, жоғарғы экономикалық өсім қарқынымен дүниежүзіндегі жетекші мемлекеттердің ондығына енгенін атап өтті. Жиынға қатысушылар Еуропалық қайта құру және даму банкінің мамандары Қазақстанның қаржылық жүйесіне жасаған талдауға айрықша қызығушылық танытты.
Бейресми пікірталас барысында жиынға қатысушылар аймақтық ынтымақтастық, әлемдік көмірсутегі рыногындағы Қазақстанның келешегі, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси даму салаларындағы бірқатар мәселелерді талқылады.