Лондон полициясының басшысы Крессида Дик BBC-ге полиция шабуыл жасағандардың Лондон көпірінде жаяу жүргіншілерді соғып өткен микроавтобусын "тыңғылықты" зерттеп, "біраз сот материалын" жинағанын айтты. Полиция басшысы шабуыл жасағандардың кім екені анықталғанын хабарлағанымен, аты-жөндерін жария етпеді.
3 маусым күні кешке белгісіз үш адам әуелі Лондон көпірі үстінде кетіп бара жатқан жаяу адамдарды көлікпен басып өтіп, кейін екі мейрамхана жанында көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Арада сегіз минуттай уақыт өткенде полиция күдіктілердің үшеуін де атып өлтірген. Түн ортасына қарай саперлер шабуыл болған жерде табылған күдікті заттарды бірнеше арнайы жарылыстың көмегімен залалсыздандырған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.
Британ полициясы 4 маусымда Лондонның шығыс жағында шабуылға қатысты 12 адамның ұсталғанын хабарлаған.