Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы islam.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Судың ішіндегі балықты сатып алмаңдар. Шынында ол – ғарар (ықтималдық)»[1],
Өйткені, судың ішіндегі балықтың қармаққа түсетіні не түспейтіні белгісіз. Балық қармаққа түседі деген күннің өзінде қандай балық шығатындығы анық емес. Сол себепті, Пайғамбарымыз ауланбаған балықты сатып алудан тыйып отыр. Ғарар дегеніміз, соңы бұлыңғыр, болары не болмасы білінбеген ықтималдық.
Лотерея ойыны да судағы балық іспетті. Алушы ұтар-ұтпасын анық білмесе де ықтималдыққа сүйеніп лотерея билетін сатып алуда. Осы жөнінен алғанда лотерея алу да ғарар. Онымен қоса, лотерея – құмар ойынына жатады. Құмар ойнау шариғатта ауыр күнә.
Ендеше, жұмыс орныңызда ойнатылатын лотерея билетін сатып алуыңыз харам болмақ.
Сөзімізді ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлең жолдарымен тәмәмдалық. Ақын аталмыш өлеңімен бүгінде кең етек алып жатқан лотерея сияқты құмар ойындарын ойнайтындарды сынап тұрғандай:
Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,
Нәпсі ұнаса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ы қ т и м а л ғ а
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек
(Ш.Құдайбердиев, Шығармалары).
[1] Ахмәд ибн Ханбал: Мүснәд. №3494 хадис.
Абдусамат Қасым