Луговое ауылындағы жер сілкінісінен қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан Екібастұздық "Жан и К" фирмасының басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Жамбыл облысы Луговое ауылындағы жер сілкінісінен қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан Екібастұздық "Жан и К" фирмасының басшыларының үстінен ҚР қылмыстық Кодексінің 176-бабы бойынша, сеніп тапсырылған басқаның мүлкін иемденіп алу немесе жұмсап жіберу жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Валерий Набитовский баспасөз мәслихатында хабарлады. |
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жер сілкінісінен қирап қалған ауылды қалпына келтіру жұмыстары 2003-жылдың маусым-қазан айлары аралығында ҚР үкіметінің "Жамбыл облысындағы әлеуметтік маңызды нысандарды қалпына келтіру және жер сілкінісінің залал-зардаптарын жою шаралары жөніндегі" қаулысына сәйкес жүзеге асырылған. Луговое ауылындағы құрылыс жұмыстарына Екібастұздық үш фирма, атап айтсақ, мердігер ретінде "Жан и К" ЖШС, ал субмердігерлер ретінде "Әке" және "Серпіліс" ЖШС-тері қатысты. Алайда, субмердігерлік ұйымдардың 40-қа жуық құрылысшысы жұмыс аяқталғаннан кейін жалақысын ала алмады. "Жан и К" ЖШС-нің субмердігерлер алдындағы берешегі шамамен 3 млн. теңгені құрайды.
В.Набитовскийдің айтуынша, "бас мердігер "Павлодарқұрылысжолы" ЖШС мен "Жан и К" ЖШС арасындағы келісім-шартына сәйкес аталмыш қаржыны бас мердігер толық көлемде өтеген. Алайда, субмердігерлік ұйымдардың белгісіз себептермен қаржыны толық көлемде ала алмауы салдарынан жұмысшыларға жалақы берешегі түзілді".
Екібастұз қалалық ІІБ-нің хабарлауынша, субмердігерлік "Әке" және "Серпіліс" ЖШС-нің басшылары мен фирма жұмысшыларының арызы негізінде "Жан и К" ЖШС-нің директоры мен атқарушы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, В.Набитовскийдің айтуынша, облыстағы фискалдық мекемелер "Жан и К" ЖШС-нің қаржыны артық көлемде жұмсап жіберу себептерін тексеруде.
Павлодар облыстық бюджетінен Луговое ауылында үйлер салуға арнап 115 млн. теңге бөлінген. Үйлер толық салынып, пайдалануға берілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін