Президентке қолқабыс жасап, оның көмекшілері мен 11 жасар кенже ұлы Николай да жүр. Ең бастысы — биылғы өнім «Дрозда» резиденциясы қожайынының көңілінен шыққандай. Шелекті қойып, қаптардың өзі тез толып жатты. Сөйтіп, 18 сотық жерден 70 қап картоп алынған. Қауын-қарбыз да молынан екен. Александр Лукашенко шыдамай сол жерде біреуінің дәмін көрді. Өнімдер қарттар және балалар үйлеріне қайырымдылық ретінде жіберілмек. Жалпы, Беларусь президентінің ара-тұра осылай шаруаға араласып тұратыны бар. Мәселен, шілде айында ол шөп шапқан еді. Тіпті шалғыны қалай ұстау керектігін Жерар Депардьеге үйретті. Француз актері Беларусьқа қонақ ретінде келген болатын.