Жарияланды: 730

"ЛУКОЙЛ Оверсиз" және "ҚазМұнайТеңіз" ТМК ЖАҚ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі "Түпқараған" теңіз жобасы бойынша келісімге қол қойды

Бүгін, 15-қаңтарда Астанада "ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг Лтд." компаниясының атынан осы кәсіпорынның президенті Андрей Кузяев пен "ҚазМұнайТеңіз" ТМК ЖАҚ-ның бас директоры Бақытжан Хасанов Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі "Түпқараған" теңіз жобасы бойынша бірлескен іс-қызмет туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг Лтд." компаниясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл РФ президенті Владимир Путиннің елімізге жасаған ресми сапары аясында 2004-жылдың 9-қаңтарында "ЛУКОЙЛ" ААҚ мен "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ арасында қол қойылған "Түпқараған" және "Аташ" жобалары бойынша негізгі құжаттарды одан әрі дамытушы бітімге саналады. Баспасөз мәслихатында атап көрсетілгеніндей, аталмыш жобаларды тікелей жүзеге асыра бастау үшін жуырда еліміздің батыс аймақтарында екі жақтың тең үлесі негізінде операциялық компаниялар құрылады. Геологиялық барлау кезеңінде компанияларды "ҚазМұнайТеңіз" өкілдері басқарады. Ал көмірсутегі шикізатының коммерциялық көздері табылған жағдайда компания басшыларын тараптар екі жыл сайын алмастыра тағайындап отырады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Түпқараған учаскесі Түпқараған түбегінен батысқа қарай 40 шақырымда орналасқан. Бұл тұстағы теңіздің тереңдігі 7-12 метрге тең. Учаскеде осы аттас құрылым бар. Құрылымның болжамдық геологиялық қоры 388 млн. тонна шартты отынға тең , соның ішінде мұнай қоры 324,3 млн. тоннаны құрайды. 2004-жылдан басталатын геологиялық барлау жұмыстарының минималды бағдарламасы бойынша сейсмологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, бір барлау ұңғысын бұрғылау көзделген. Көмірсутегі шикізатын табу ықтималдығы жоғары деп бағалануда. Ал көмірсутегі шикізатының коммерциялық көздері 2005-жылы ашылады деп күтілуде. Мұнай өндіру жұмыстары 2012-жылы қолға алынады деп межеленген. Ең жоғары жылдық өндіру көлемі 7,2 млн. тонна, келісім-шартының мерзімі аяқталған кезде өндірілген мұнай көлемі 110 млн. тонна, өндірілетін көгілдір отын мөлшері 19,1 млрд. текше метрді құрайды. Өнім өндіруші ұңғылар саны 83, соның ішінде 79 мұнай ұңғысы, 4 газ ұңғысы болмақ. Негізгі құжат түрі - 40 жылға есептелген Өнім бөлісу туралы келісім болмақ. "Аташ" учаскесі маңында теңіздің тереңдігі 7-35 метрді құрайды. Учаскеде "Аташ", "Марал" және "Қазақтан" құрылымдары бар. Құрылымдардың болжамдық геологиялық қоры 248,8 млн. тонна шартты отынға тең , соның ішінде мұнай қоры 141,7 млн. тоннаны құрайды. 2004-жылдан басталатын геологиялық барлау жұмыстарының минималды бағдарламасы бойынша сейсмологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, бір барлау ұңғысын бұрғылау көзделген. Аталмыш учаске бойынша негізгі құжат түрі - 3 жылға есептелген барлау туралы келісім-шарты болмақ. Шарт мерзімін сатылы түрде тағы да 4 жылға ұзартуға болады. Көмірсутегі шикізатының коммерциялық көздері ашылған жағдайда мердігер келешегі бар кеніштерде өнім өндіруге шарт жасасу үшін ҚР-ның осы саладағы құзырлы органымен келіссөздер жүргізуде басым құқыққа ие болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін