Жарияланды: 390

Маастрихтте Қазақстанға арналған сессия өтті

31 мамыр-1 маусым күндері Маастрихте голландиялық «Energy Wise» компаниясының ұйымдастыруымен қолайсыз ауа райы жағдайындағы мұнай-газ бизнесін дамыту мәселесіне арналған 5-ші конференция өтті.

Қазақстан Республикасының Елшілігі осы сессияның аясында біздің елімізге арналған арнайы сессия ұйымдастырды, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Конференция жұмысында голланд тарапынан мүдделі министрліктердің, жетекші ғылыми-зерттеу, талдау және білім беру орталықтарының, университеттердің өкілдері, мұнай-газ саласының түрлі өндірістік секторында жұмыс істейтін голландиялық, қазақстандық, ресейлік және канадалық компаниялардың басшылары қатысты. Сессияда алғысөз сөйлеген Қазақстан елшісі Майнұр Мұрзамадиева, еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы, саяси және әлеуметтік-экономикалық даму табыстары туралы әңгімелеп берді, республикамыздың инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Мұнай саласы сарапшыларының бағалауынша, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қысқы ауа райы арктикалық ауа райына ұқсас екен. Қазақстанның климаттық ерекшелігі туралы баяндама жасаған «Golder Associates» компаниясының өкілі Мальколм Лоуингстің айтуынша, ауа температурасы -40 пен + 40 градустың арасында болатын Каспий теңізінің айдынын табиғи жағдайы қатаң өңір ретінде бағалауға болады. Күрделі ауа райы жағдайында жұмыс істеудің өз тәжірибелерімен бөліскен голландиялық және канадалық мамандар, Каспий қайраңындағы мұнай кеніштерін игерудегі қазақстандық мұнайшылардың да тәжірибелеріне үлкен ықылас білдірді. Қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, Маастрихттегі конференция голландиялық мұнайшылар үшін Қазақстанның мұнай-газ секторындағы іскерлік мүмкіндіктің жыл сайын артып келе жатқанын және Қазақстан мен Нидерландының өзара тиімді ынтымақтастығын нығайтуға қолдау болып отырғанын тағы да көрсетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін