Бұл туралы бүгін Астанада өткен Мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
«2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығымен өтіп жатыр. Биыл Астанада осы ұйымның саммиті өтеді. Қазір алдағы саммитке дайындық жұмыстары басталып кетті. Біз сәтті басталған төрағалығымызды сәтті аяқтауымыз керек. Саммит аясында елімізге ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, 12 серіктес мемлекеттің және 65 халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері, жалпы саны — 5 мыңнан 7 мыңға дейін адам келеді деп күтілуде. Елордамыздың тарихында бір мезгілде мұндай деңгейдегі мәртебелі меймандар Астанаға келген емес. Біздің мақсатымыз — ЕҚЫҰ саммиттінің жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасау», деді алқада М. Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, ЕҚЫҰ саммиті аясында мәдени шаралар ұйымдастырылады, бұл ретте концерттің жобасы дайындалған, жоба Президент Әкімшілігіне ұсынылып, мақұлданған. Бұған қоса Бейбітшілік пен келісім сарайында үкіметтік емес ұйымдардың штаб пәтері орналасатын болады. Оған қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен қатар, шетелдерден келетін бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де орналасады. «Осы екі шараны лайықты деңгейде ұйымдастырып, өткізу Мәдениет министрлігінің мойнындағы шаруа. Қазірдің өзінде тиісті жұмыстар басталып кетті. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз Президент Әкімшілігінің тұрақты бақылауында болады», деді министр.