Соңғы жылдары әлемдік бәсекелерден ауыр атлеттерге көп үміт артатынымыз жасырын емес. Себебі, Олимпиада, әлем, Азия ойындарында қазақстандық ауыр атлеттердің қоржыны бос қайтқан емес. Алайда, бүгін жалауы желбіреген «Сарықұрлық» додасына Лондон олимпиадасында топ жарған бірқатар чемпиондарымыз бармай қалды. Солардың бірі — Майя Манеза.
Қазір халық көкейінде Азия ойындарына Зульфия Чиншанло барғанда Майя Манеза неге бармай қалды деген сұрақтың туындауы әбден мүмкін. Оның өзіндік себебі бар. Бұл туралы Майя Манеза:«Лондон олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықтым. Сосын, ана атанып, өмірге бала әкелдім. Осы себепті екі жылдан бері бала күтімімен үйде отырып қалдым. Бұл жолғы Азия ойындарына сол себепті қатыса алмадым. Бірақ жолдасым қазақ елінің намысын қорғауға байрақты бәсекеге аттанып кетті. Бір үйден бір адам қатысса да жеткілікті шығар деп өзімді жұбатып, күйеуімнің тілеуін тілеп отырмын», — дейді Олимпиада чемпионы.