Ұлыбританияның «Манчестер Юнайтед» футбол клубы бір жылда 100 миллион долларға арзандап кетті. Былтыр 837 миллион доллар тұрған клуб биыл 739 миллион долларға дейін құлдыраған.
Англиялық брендтің осыншама құлдырауына биылғы маусымдағы команданың сүреңсіз ойыны себеп болған. Манчестер ішкі чемпионатта тек 7-орынға тұрақтады, ал Чемпиондар Лигасында ширек финалда сүрінді. Соның салдарынан команданың құны төмендеп, беделі түскен.
2014 жылы ең қымбат команда «Бавария» деп танылып отыр. Ол 860-нан 896 миллион долларға дейін қымбаттаған. 24 мамырда Чемпиондар Лигасының кубогын жеңіп алған «Реал» клубы Brandirectory тізімінде екінші орынға жайғасқан.Испаниялық клубтың құны 147 миллионға дейін жоғарылады. Сонымен қатар биыл «Манчестер сити» клубы едәуір қосқан. 178 миллионға қымбаттаған «Сити» бесінші орынға көтерілді.
Өсу қарқыны бойынша «ПСЖ» клубы рекорд орнатты. Ол 24-ші орыннан 10-шы сатыға бірден көтеріліп отыр. Егер оның құны былтыр 85 млн. доллар болса, биыл оның бағасы — 324 миллион.
Испания чемпионы және Чемпиондар Лигасының финалисі мадридтік «Атлетико» шамамен екі есеге дейін қымбаттап, 20 ең құнды клубтардың тізіміне енді.
Үздік жиырмалықтың ішінде «Манчестер Юнайтед», «Аякс» пен Милан» командаларынан өзге басқа барлық командалар құнын қосып отыр.
Ең қымбат 20 команданың ішінде 7 англиялық, 4 неміс, үш-үштен испаниялық және италиялық және бір-бірден франциялық, түркиялық және голландиялық командадан бар.