Т.Қалжанұлының айтуынша, биыл Ресейден 10, Өзбекстаннан 1200, Ираннан 20 отбасы қоныс аударады. Қалғандары басқа елдерден көшіп келмекші.
Басқармадағылардың айтуынша, алыс және жақын шетелдерден Маңғыстау облысына көшіп келуді қалайтын оралмандар саны жыл санап өсе түсуде. Мәселен, 2000-жылы бұл өңірге 35 отбасы көшіп келсе, қазір бұл көрсеткіш 30 есе өскен. 2001-жылы 56, 2002-жылы 160, 2003-жылы 352 отбасы облысқа көшіп келді. Ал 2004-жылы квота бойынша облысқа 1050 отбасы оралды.
Сонымен бірге 2004-жылы 2000 оралман отбасы, немесе, 7500-дей адам облысқа квотадан тысқары қоныс аударды. Бұлардың 70 проценті Өзбекстаннан келгендер. Ал Ресейден 20 отбасы осы өңірді мекенденуді ұйғарды.
2004-жылы 2011 оралманға жергілікті бюджеттен 10,5 млн. теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі берілді. ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй сатып алуға 91,5 мың теңгенің материалдық көмегі, сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесіне азық-түлік пен дәрігерлік көмекке деп 9,1 мың теңгенің бір мәрте материалдық жәрдемақысы бөлінді. Сонымен бірге, облыс әкімінің шешімімен 4-тен көп және 18 жасқа дейінгі балалары бар, 2002-жылдың 1-сәуірінен бері квота бойынша көшіп келген оралмандарға 46 мың теңгенің бір мәрте жәрдемақысы берілді.
Бүгінде Маңғыстау облысында 16,5 мың оралман отбасы, немесе 53 мың адам тұрады. Олардың басым бөлігі ТМД елдерінен қоныс аударғандар.