Қандастарды облыс әкімінің орынбасары Гүлнар Сейітмағамбетова мен облыстық көші-қон басқармасының бастығы Түменбай Қалжанұлы күтіп алып сәлем берді.
Г.Сейітмағамбетова Қазақстан президентінің жүргізіп отырған саясатының арқасында ғана қандастарымызды тарихи отанға көшіріп алуға мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
«Маңғыстауда сіздер үшін еңбек ету, бала-шағаны қазақы дәстүрге сәйкес өсіріп-тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған»,- деді ол.
Т.Қалжанұлының айтуынша, барлық 38 адам да Маңғыстау облысына квота бойынша көшіп келді. Әзірге олар туыс-туғандарының үйінде тұратын болады. Республика үкіметінің қаулысына сәйкес, отбасының әрбір мүшесіне баспана сатып алуға 91,5 мың теңге материалдық көмек, сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесіне 9100 теңге мөлшерінде бір мәрте ақшалай көмек пен қажетті азық-түлік және дәрігерлік көмектер көрсетіледі.
Ауылдық жерлерге қоныстануға ниет білдірушілерге қора-жай және мал сатып алуға қолғабыс жасалады, деді Т.Қалжанұлы.
Оның айтуынша, «Көші-қон туралы» заңға сәйкес, жергілікті билік бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай квотадан тысқары келген оралмандарға да көмек көрсете алады. 2004-жылы Маңғыстау облысында бұл мақсатқа 20 млн. теңге бөлінді.
Көші-қон басқармасының мәліметтері бойынша, биылғы жылдың аяғына дейін Маңғыстау облысына мемлекеттік квота бойынша 1620 қазақ отбасы көшіп келеді. Соның ішінде Ресейден 10, Өзбекстаннан 1200, Ираннан 20 отбасы көшіп келгелі отыр.
Көші-қон басқармасындағылардың хабарлауынша, алыс және жақын шетелдерден Маңғыстау облысына қоныс аударуға ниет білдірушілер саны жыл өткен сайын арта түсуде. Егер 2000-жылы 35, 2001-жылы 56, 2002-жылы 160, 2003 -жылы 352 отбасы көшіп келсе, қазір бұл көрсеткіш 30 есе өскен. Мәселен, 2004-жылы облысқа квотаға сәйкес 1050 отбасы көшіп келді.
Қазіргі жағдаймен облыста 16,5 мың оралман отбасы тұрады. Көбінесе ТМД елдерінен келген бұл отбасыларда 53 мыңдай адам бар. Қоныс аударған репатрианттар санына қарай облыс Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейін үшінші орында.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті