Облысты индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясына сәйкес жасалған бұл жоба болашағынан үміт күттірген жобалардың біріне саналады. Өйткені, облыстың химиялық және мұнайхимиясы өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор әрі облыс табиғи көгілдір отынға төтенше зәру.
2003-жылы облыста табиғи газ өндіру мөлшерінің арту ағымы байқалды. Бұл «Толқынмұнайгаз» АҚ мен «Қазполмұнай» ЖАҚ игеріп жатқан Толқын және Боранкөл кеніштерінде газ шығарыла бастауға байланысты. 2003-жылы аталмыш компаниялар тиісінше 490,4 млн. және 86,9 млн. текше метр газ өндірді. 2004-жылдың алғашқы жартысында бұл кәсіпорындар өндірген жиынтық өнім мөлшері 617,1 млн. текше метрді құрады.
Жергілікті шикізат негізінде Боранкөл және Толқын кеніштерінен тәулігіне 10 млн. текше метр табиғи газды өңдеу арқылы сұйық пропан, бутан мен басқа да қоспаларды өндіру көзделіп отыр.
Баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жоба Халық банкінің несиелік ресурстары негізінде қаржыландырылады. Жалпы инвестиция көлемі 97 млн. долларға тең.
Газ өңдеу зауыты 3 жылда салынып бітеді. Жоба 2006-жылы толық жүзеге асырылады. Нәтижесінде 110 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде «Толқынмұнайгаз» АҚ газ өңдеу зауытын салатын кәсіпорын құруда. Қазірдің өзінде техникалық тапсырма дайындалып, жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Барлық жұмыстар инвестор қаржысының есебінен жүзеге асырылады. Алдағы уақытта екінші деңгейдегі банктерден, соның ішінде Халық банкінен несиелік ресурстар тарту көзделіп отыр.