Хабарламаға сәйкес, Маңғыстау облысында Ресейдің Астрахань облысының күндерін өткізу туралы уағдаластық Маңғыстау облысының әкімі Болат Палымбетовтың былтырғы желтоқсан айындағы сапары кезінде жасалған.
Облыс күндерінің бағдарламасы аясында Астрахань облысының губернаторы мен Маңғыстау облысы әкімінің жұмыс бабындағы кездесуінің хаттамасына қол қою көзделген. Астрахань облысының өкілдері Маңғыстаулықтарды тауар өндірушілердің көрме экспозициялары аясында өз өңірінің экономикалық әлеуетімен таныстырады.
Үш күнге созылатын шара барысында азық-түлік өнеркәсібі және ауылшаруашылығы, кеме және машина жасау, құрылыс материалдары мен халықтың күнделікті тұтыным тауарларын өндіріп сату саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиындары өткізіледі.
Бүгін Астрахань облысының өкілдері «Ақтау теңіз айлағы» арнаулы экономикалық аймағының, теңіз айлағының және «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық компаниясының жұмысымен танысып, «Каспий машина жасау зауытында» болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті