Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Асқар Көшімовтың айтуынша, қолға түскен Жаңаөзен қаласының 30 жастағы тұрғыны соңғы бірнеше жыл бойы лаңкестікпен күрес бөлімінде тіркеуде тұрған. Бірақ бұған дейін ол экстремистік көзқарасын аңғартқан емес. «Оперативтік шаралардың барысында оның «Таза ислам» тобына қатысы бар екендігі дәлелденді»,- деді А.Көшімов.
Күдіктінің пәтеріне жүргізген тінту кезінде экстремистік сипаттағы аудиокассеталар мен кітаптар, лаңкестікке шақырған үнпарақтар, жарылғыш заттарға жататын карбид пен толуол құтылар салынған қап, шолақ мылтық пен есірткі табылды.
Тұтқынның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің үш бірдей бабы бойынша, атап айтсақ, қару-жарақ сақтау жөніндегі 251, есіркі заттарын сатып алу сақтау жөніндегі 259, ұлтаралық араздық тудыру жөніндегі 164-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық ІІБ-ның мәліметі бойынша, 2000-жылдан бері 15 ваххабит пен «Таблиги Джамаат» діни қозғалысының 20 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.