Басқарма мәліметіне сәйкес, Қошқар Ата қоймасының маңындағы жер асты суларының ахуалына мемлекет тарапынан тұрақты негізде мониторинг өткізіп отыру, сол төңіректегі ластану аймағын анықтау көзделіп отыр. 2005-жылға дейін ластану деңгейін 267 метр шамасында тұрақтандыру жоспарланды.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің 2001-2010-жылдарға арналған уран өндіруші кәсіпорындарды консервациялау және уран кеніштерін игеру зардаптарын жою жөніндегі бағдарламасына сәйкес, Қошқар Ата қоймасын жаңалау және консервациялау жұмыстарына 2005-жылы кірісу межеленген. Бұл жұмыстар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың желтоқсан айының аяғында қойма аумағында радиоактивті және улы қалдықтарды тәуелсіз тексеру-мониторинг жүргізілді. Осындай қалдықтар көлемі 105 млн. тоннаға жеткен. Зерттеу жұмыстарын Алматы ядролық физика институтының 12 маманы өткізді. Облыстық табиғат қорғау басқармасы бұл жобаны жүзеге асыруға 6,5 млн. теңгеге жуық қаржы бөлді. Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, 4 шақырымды бойлай жер астындағы судардың ластанғандығы анықталды. Көл жер қойнауынан арнайы оқшауланбаған. Ғалымдар осыған байланысты көл суының Каспийге өтіп кету қаупі туралы дабыл қағуда.
Сарапшылар сондай-ақ, 5-6 жылдан кейін көл суы мүлдем тартылып, оның түбінде жалпы салмағы 31 мың килограммды құрайтын тұз қабатының түзілу мүмкіндігі жайында жорамал айтуда.
Қошқар-Ата — уран өңдеуші кәсіпорындардың 400 млн. тоннадан астам улы және радиоактивті қалдықтары, соның ішінде уран өндірісінің 105 млн. тонна қалдығы сақталған, су ағып шығатын арнасы жоқ ойпат болып табылады. Ойпаттың тереңдігі 38,2 метрді құрайды.