Маңғыстау облысындағы Сенек ауылы құмның астында қалу қаупі бар - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстау облысындағы Сенек ауылы құмның астында қалу қаупі бар

Маңғыстау облысындағы Сенек ауылы құмның астында қалу қаупі бар

Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Сенек ауылына құмның астында қалу қаупі төніп тұр. Бұл мәселе облыстық табиғат пайдалану басқармасы комиссиясының отырысында сарапқа салынды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 13 Қаңтар 2004
  • 3458
Фото - Caravan.kz

Үп еткен жел ауылға таяу жерде орналасқан Түйесу құмды массивінің құмын Сенекке қарай айдай бастайды. Соңғы жылдарда құм көшкіні қатерлі сипат ала бастады. Мұндай күрделі ахуал Түйесудағы жер асты су көздерін 30 жыл бойы қарқынды алып пайдалану салдарынан қалыптасып отыр. Қазіргі жағдаймен су кенішіндегі өнімді деңгей екі есе төмендеп, су өндіру мөлшерінің азаюына байланысты құм көшкініне тосқауыл болып отырған өсімдік дүниесі қатып-семе бастады.

Ал Сенекте 100-ден астам тұрғын үй, көптеген шаруашылық нысандары мен әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық мекемелерді қамтитын ірі шаруашылықтың орталық мекен-жайы орналасқан.
Осыған байланысты комиссияның отырысында ҚР ҰҒА география институтының Сенек елді мекені мен оған іргелес жатқан өңірдің экологиясын қорғау үшін жасап шығарған құм тоқтату жобасы тыңдалды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 71 млн. теңге қажет.
Жоба бойынша, бастапқы кезеңде түрлі өсімдіктердің көшеттері тәжірибелік учаскеге отырғызылып, соңынан ұзындығы 8 шақырымды, ені 500 метрді құрайтын қорғаныс белдігі ретінде егіледі. Өсімдіктерді тұрақты суару қамтамасыз етіліп, топырақ биостимуляторлармен байытылады. Топырақты нығайту үшін Маңғыстаудағы ботаникалық бақта өсірілген сексеуіл, изен және жыңғылдарды, сондай-ақ, Атырау және Қызылорда облыстық питомниктерінде өсірілген көшеттерді пайдалану ұсынылып отыр. Төрт жылға есептелген жоба төрт кезеңмен жүзеге асырылады.
Аталмыш шаралар Сенекке төнген құм шабуылына көптеген жылдарға тойтарыс береді дегенге ғалымдар үміт артуда. Жобаны жүзеге асыруға тендер жарияланды.
Қазір Маңғыстау ауданының Үштаған және Тұщықұдық ауылдары да осындай ахуалға душар болып отыр. Жаңаөзен мен Бұзашы кеніштеріндегі мұнайшылар үшін су алып пайдалану қарқыны арта түсуіне байланысты құмды массивтің көлемі барған сайын ұлғая түсуде. Ғалымдардың пайымдауынша, жоғарыдағыдай қорғаныс шаралары қолданылмаса, Бостанқұм мен Қызылқұмнан көшкен құм бірнеше жылда аталмыш ауылдарды басып қалу қаупі бар.

Соңғы жаңалықтар