Өңірде бұрын-соңды болмаған туристік жобаны жергілікті тұрғын жүзеге асырды. Қалықтау аппараты аймақтың таулы-жартасты жерлерімен де көкке көтеріліп, саяхаттаушыларға қызмет көрсетіп келеді. Бір ай уақыт ішінде жүздеген турист Маңғыстаудың көрікті орындарын 50-60 метр биіктіктен тамашалауға мүмкіндік алды.
Сырт көзге орасан зор болып көрінсе де, әуе шарының жиналған күйдегі салмағы бар-жоғы 350 келі екен. Демек жол талғамайтын жүрдек көлікпен кез келген жерге тасымалдауға болады. Шарға газбаллон жағу арқылы ыстық ауа үрлеп, адам мінетін қорабына берік арқандармен жалғау 30-40 минут уақыт алды.
Техниктер көкке көтерілу алды дайындығын аяқтаған соң саяхаттаушыларға шарға жақындауға рұқсат берілді. Әр жолаушы қауіпсіздік ережелерімен танысып шығып, журналға қол қойды. Көпшілігі мұндай ұшу аппаратымен алғаш рет аспанда саяхаттағалы тұр. Солардың бірі – Салтанат Бақытжанова. Жас маман туған күнін ерекше атап өтуді ұйғарған.
Салтанат Бақытжанова, қала тұрғыны:
— Жұмыстан сұранып келдім. Өте ұнады маған. Бұйырса, тағы да келемін. Негізі биіктіктен қорқамын, бірақ ұнады.
Кезегіміз жеткен соң біз де әуе шарымен көкке көтеріліп, жері теңізбен шектескен қаланың әдемі көрінісін тамашаладық.
Талғат Исламұлы, тілші:
– Қазір 10 қабатты үйдің биіктігіндей, яғни шамамен 50 метрдей биіктікте тұрмыз. Айта кетейік, біз тұрған әуе шары ешқайда қалықтап ұшпайды. Яғни, гандола жердегі автокөліктің дөңгелегіне байланған. Пилот саяхаттаушыларды көкке көтеріп, 10-15 минуттан кейін жерге түсіреді.
Туржоба авторы — Олег Агиев есімді ақтаулық азамат. Жұмыстан бос уақытта автокөлікпен өлкенің көрікті орындарын түгел аралап шығыпты. Өзі көрген қайталанбас пейзажды өзгелерге биіктен көрсетуді ойлап, 5 млн теңгеге әуе шарын сатып алады.
Олег Агиев, жоба авторы, пилот:
– Шетелден әуе шарын сатып алдым. Былтыр қарашада Ақтауға әкеліп, команда құрдым. Екі пилот, екі техник болып Алматыда арнайы курс оқыдық. Жаңа жылға дейін өзіміз күнде көкке көтеріліп, ұшу аппаратын басқаруды үйрендік. Жолаушы мінетін қорапқа пилоттан өзге 2 ересек адам мен 1 бала сияды. Қала ішінде ұшу-қону орнын іздеп, әкімдікке бардым. Әзірше 1-і шағын аудандағы стадионды қолдана тұруға рұқсат берілді.
Қазақстанда туристерге арналған әуе шары Алматы мен Шымкентте бар. Енді бұл тізімге климаты жылы қала Ақтау қосылды. Аэростат иесі келісім берілген жағдайда Бозжыра шатқалында қалықтап, туристерге қызмет көрсетуге әзір. Бұған дейін «Айрықты-Шоманай» – қамалдар алқабы мен Қарақия ойпатында көкке көтеріліп, ұшу қауіпсіздігіне көз жеткізгенін айтады.