Маңғыстаудағы пластмасса зауыты шикізат тапшылығынан толық қуатын іске қоса алмай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстаудағы пластмасса зауыты шикізат тапшылығынан толық қуатын іске қоса алмай отыр

Маңғыстаудағы пластмасса зауыты шикізат тапшылығынан толық қуатын іске қоса алмай отыр

Еліміздегі полистирол өндіретін жалғыз кәсіпорын санатындағы Ақтау "Пластмасса зауыты" ЖШС шикізат тапшылығынан толық қуатын іске қоса алмай отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне кәсіпорыннан хабарлады.

  • 30 Желтоқсан 2003
  • 1822
Фото - Caravan.kz

2003-жылы Ресейдің «Сибур» компаниясынан әкелінетін шикізаттан өнім өндіру көзделген болатын. Алайда бұл компания зауытқа сататын стирол мөлшерін азайтып жіберген. Соның салдарынан пластмасса зауыты жоспарланған 30 мың тонна полистиролдың орнына биылғы жылдың 11 айында небәрі 3745 тонна полимер немесе өткен жылғы осы мерзімдегі өнімнің 44,5 процентін ғана өндірді.

Дейтұрғанмен, ақпарат көзінің хабарлауынша, болашақта «Пластмасса зауыты» аса ірі стирол өндірушіге саналатын «Салаватнефтеоргсинтез» ААҚ-мен ынтымақтастық орнатпақ ниетте. Зауыт мамандарының есебі бойынша, жарты жыл бойы жұмыссыз тұру салдарынан шығынға белшеден батқан зауытты қайтадан іске қосу үшін айына 4 мың тонна башқұрт стиролын алса жетіп жатыр. Ондай жағдайда зауыт 40 мың тоннадай өнім шығара алады. Қазір бұл кәсіпорын жалпы қуатының 8-10 процентін ғана пайдаға жаратып отыр.
Сондай-ақ, 2003-жылы «Пластмасса зауыты» полистирол өндіруге қажетті негізгі шикізат болып табылатын стирол шығару цехын сынақ ретінде іске қосты. Бұл бағдарлама жүзеге асқан жағдайда зауыттың стирол қамтамасыздығына тәуелділігі азаяды. Сондай-ақ, бұл қазір 1100 адам жұмыс істейтін зауыттағы жұмыс орындарының санын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстық әкімшіліктің қолдауымен пластмасса зауыты мұнайхимиясын дамыту жөніндегі республикалық бағдарламаға қамтылды. Қазіргі басты мақсат — тым құрыса шикізаттың алғашқы траншын алу болып отыр. Маңғыстау облысының әкімі Болат Палымбетовтың пайымдауынша, елімізде мұнайхимиясын дамытуға жағдай жасап, аталмыш өндіріс үшін негізгі шикізат болып табылатын газды тиімді пайдаланған жағдайда ғана зауыттың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік туындайды.
Полистирол өндіру жобасы өнеркәсіпті шикізаттық сипаттан өңдеуші және қайтадан өңдеуші кәсіпорынға айналдырудың бір мысалы ретінде атауға болады дейді Б.Палымбетов. Осыған байланысты ол мұнайхимиясы кешенін дамыту тұжырымдамасына сәйкес мұнай мен газға бай Маңғыстау облысында болашақта оннан астам мұнайхимиясы кәсіпорындарын салу көзделіп отырғанын еске салды.

Соңғы жаңалықтар