Маңғыстаудық тарихи-мәдени ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілмек - kaz.caravan.kz
  • $ 541.34
  • 640.73
+9 °C
Алматы
2025 Жыл
18 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстаудық тарихи-мәдени ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілмек

Маңғыстаудық тарихи-мәдени ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілмек

Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП МОФ ұйымдастыруымен Ақтауда өткен «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын ғылыми зерттеу мен насихаттау, қорғау-сақтау және пайдалану мәселелері» атты дөңгелек үстелде айтылды.

  • 20 Сәуiр 2012
  • 1195
Фото - Caravan.kz

Ұлт келешегіне ұлы мұраларды аманаттау мақсатында ауқымы үлкен шаралардың бірі «Киелі мұрамызға — тағзым» республикалық акциясы басталуына орай өткен жиынға «Нұр Отан» партиясы филиалының жауапты қызметкерлері, тарихшы-өлкетанушылар, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, тарих тақырыбына қалам тартып жүрген зиялы қауым қатысты.

Акцияның ашылуына арналған басқосуда «Нұр Отан» ХДП МОФ төрағасының орынбасары Мұхамбет Жүнбасов «Киелі мұрамызға — тағзым» республикалық акциясының маңызын айтып түсіндірді.

«Партияның Орталық аппаратының бастамасымен 2005 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл акция мәдени мұраларға деген қамқорлықты күшейту, тарихи-мәдени ескерткіштерді күтімге ала отырып, олар арқылы еліміздің ежелгі дәуірлерден бері қарайғы тарихын тану, оны бүгінге жеткен жәдігерлер арқылы зерделеу және жұртшылыққа кеңінен насихаттау»,- дейді «Нұр Отан» ХДП МОФ төрағасының орынбасары.

Маңғыстау облысы — тарихи-мәдени ескерткіштердің шоғырланған жері. Тіпті сонау тас дәуірінен келе жатқан таңбалы тастар да осы аймақтан табылуда деседі зерттеушілер.

«Алайда, ескерткіштеріміздің құлап не жоғалып кету қаупі төніп тұр. Қазірде өте көп жұмысты талап етіп тұрған бағыт — сол ескерткіштерді жөндеу, оны қайта қалпына келтіру, оны халықтың арасында уағыздау, насихаттау мәселесі. Бұған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 400-ден ескерткіштер қайтадан қалпына келтірілді», — дейді «Маңғыстау жаңғырту» ЖШС директоры Құралбай Озғанбаев.

Маңғыстаудың өзіндік бедері, айшығы бар, көне дәуірдің қайталанбас қолтаңбасындай мұраларын сақтау үшін өңірлік салалық бағдарлама аясында жасалған жұмыстар туралы отырыс барысында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі инспекция бөлімінің бастығы Жанар Қоңыратбаева таныстырып өтті.

«Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай өткізіліп отырған «Киелі мұраларымызға — тағзым» акциясы аясында енді өлкемізде «нұротандықтармен» бірлесе отырып, облыс көлемінде тарихи орындар мен қорымдарда сенбіліктер, зерттеу экспедициялары, танымдық саяхаттар өтеді. Біздің өңірімізде Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайызы орналасқан. Олар — тарихымыздың тірегі. Оны біздің жергілікті халық қашан да қастерлеп келе жатыр», — дейді Ж.Қоңыратбаева.

Елбасы бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы қазіргі уақытта 2015 жылға дейінгі ұлттық стратегиялық жоба ретінде республикада тиісті іс-шаралар өткізілуде. Маңғыстау облысында да осы бағдарлама негізінде ауқымды шаралар тындырылған. Ескерткіштерді ғылыми негізде зерттеуге баса назар аударылып, есепке алу, ғылыми жаңғырту, мұраға айналдыру мақсатында облыс әкімінің жанында «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөнінде ғылыми -әдістемелік кеңес» құрылды.

Әдістемелік Кеңес құрамында республикадағы ең танымал тарихшылар, ғылыми зерттеу институтының ғалымдары, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, жаңғыртушы мамандар бар. Кеңестің негізгі алған бағытына сай, 2007 жылдан бері отырыстар өткізіп, Маңғыстаудағы ескерткіштердің әрқайсысына кешенді зерттеулер де жүргізілген.

Жанар Қоңыратбаеваның айтуынша, кешенді зерттеу жұмыстары дегеніміз — бұл тиіп-қашып жазуын оқып, архитектуралық сипаттама беру емес, керісінше, ол ескерткіштердің қай дәуірге жататындығы ландшафтық тұрғыда зерттеліп, топографиясы, геоморфологиясы анықталып, антропологиялық тұжырымдамалар жасалып, қазба жұмыстары кезінде эпиграфиялық таңбаларды белгілеп, библографиялық ізденістер жасалып, филологиялық талдау берілу -осының барлығы қыруар шаруа мен ерен еңбектің нәтижесінде кешенді түрде жасалады.

«Соңғы зерттеулер бойынша «Шопан Атаның» басынан 5 мыңнан астам нысандар табылды. Олардың барлығы сонау қола дәуірінен басталатындығы белгілі болып отыр. Ендігі кезекте олардың геологиялық сипаттамасын беру керек, яғни, жерасты мешіттері қашан пайда болды, табиғи үңгірден пайда болды ма, әлде оны арнайы сол кездегі сәулетшілер тастан қашап салды ма, осындай шаралар бағытында бүгінгі күні кешенді зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «ЮНЕСКО» бүкіләлемдік мұралар тізімі — табиғи және материалдық ескерткіштер тізімі. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2 ескерткіш бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар Қожа Ахмет Яссауи ескерткіші мен Сарыарқа табиғи қорығы. Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша біздің облыста да жұмыстар басталды. «Шақпақ Ата» жерасты мешітінде кешенді зерттеулер өтті. Мешіттің виртуалды бейнесі жасалынды. «ЮНЕСКО»-ға ұсынылатын ескерткіштердің өзіне қойылатын арнайы талаптары бар. Алдымен ескерткіш біртұтас серия ретінде әлемдік құндылығы болуы, әуелгі келбеттерінің өзгертілмеуі, оларды қорғау-сақтау жөнінде арнайы жоспардың болуы. Ендігі кезекте өлке ескерткіштерінің сериясын «ЮНЕСКО»-ға ұсыну жұмыстары жүргізілуде», — дейді Жанар Қоңыратбаева.

Перейти к новостям спорта