Маңғыстау облысының білім басқармасы тарапынан білім ошақтарында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің дипломдарына мониторинг жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Былтыр және биыл жүргізілген осы жұмыстардың нәтижесінде 60 мұғалімнің жалған дипломмен бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келгені анықталған. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, олардың барлығы жұмыстан босатылды.
«Облыста педагогтердің дипломдарын анықтау мақсатында жоғарғы оқу орындарына және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарына сұраныс жолданды. Сонымен қатар мұғалімдердің жұмыс кезеңіңдегі қаражатты мемлекеттік бюджетке кері қайтару үшін сот органдарына шағым жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», — делінген білім басқармасы таратқан ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында жалған дипломмен жұмыс істеген 80-нен астам мұғалім анықталған болатын.
Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жоғары білім туралы жалған дипломдарға қатысты қандай жаза қарастырылғанын түсіндірді.
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, білім туралы жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау әрі жолын кесу бойынша жұмыстар Ішкі істер министрлігінің құзырына жатады.
ҚР Қылмыстық кодексiнің 385-бабына бойынша жалған құжаттарды жасау әрекетіне 2 000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұл қылмыс үшін 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Бұдан бөлек, жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мұнымен қоса, осы әрекет үшін 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы ескерілген.