Бұл туралы ол Stan.kz сайтына Мұхаммеджан Тазабековтың "Тәлім trend" бағдарламасының сынға қалуына байланысты жауап кезінде айтып берді.
"Желідегі пікірлерді көрдім. Қанша адам болса, сонша пікір барын ұмытпайық. Менің бас продюсер болып келгеніме енді екі апта болды. Каналдан көрсетілетін 12 жоба мен келмей тұрып шешіліп қойған. Мен алып келген, қарауымнан өткен жоба емес. Бірақ бізде әрбір бағдарлама эфирдің алдында сүзгіден өтеді. Бізде "(Ұлттық арнада" — ред.) Алла, Құдай, иман, ассаламағалейкум деген сынды сөздер эфирден жіберілмейді. Ол жағы қатаң бақылаудан өтеді. Аты айтып тұрғандай ол жобада тек қана тәрбиелік мәні бар мәселелер көтеріледі. Шындығында халық бағдаламаға қарсы емес, тек бұған дейін де Мұхаммеджан Тазабектің жеке басына қатысты көптеген пікірлер болды. Соның әсері болса керек. Бағдарламаның тек бірінші саны ғана шықты. Әліптің артын бағайық. Қарсы шығып жатқандар сол бағдарламаны көрмеген де шығар деп ойлаймын", — деді Мақсат Толықбай.