«Мақтааралға 33 миллион теңге бөлген»: Ақтауда жаназасына жүздеген адам жиналған Бибіжамал Әбіләзімова туралы не білеміз - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Мақтааралға 33 миллион теңге бөлген»: Ақтауда жаназасына жүздеген адам жиналған Бибіжамал Әбіләзімова туралы не білеміз

«Мақтааралға 33 миллион теңге бөлген»: Ақтауда жаназасына жүздеген адам жиналған Бибіжамал Әбіләзімова туралы не білеміз

Бірнеше күн бұрын ғана Ақтауда өмірден өткен, ал жаназасына жүздеген адам жиналған Бибіжамал Әбіләзімова туралы не білеміз. Тыйым салынғанына қарамастан марқұмның жаназасына халық неліктен баруға асықты?

  • 5 Тамыз 2020
  • 7605
Фото - Caravan.kz

Оның себептерін Caravan.kz медиа-порталы тілшілері анықтап көрді.

Шын мәнінде марқұм Бибіжамал Әбіләзімова тек қана Ақтау жұртына емес, еліміздің көптеген аймақтарының тұрғындарына етене таныс. Себебі ел анасы атанған ол сан жылдан бері қайырымдылық шараларын жасаумен айналысқан. Әсіресе жетім-жесірлерге тұрақты түрде қол ұшын созып отырған қайырымды жан болатын. Жұрт жақынынан көрмейтін жақсылықты Бибіжамал ападан көрді. Шапағатын сезінді.Соңынан өшпес із қалдырған қайырымды ананың қазасына бүкіл ел қайғырып жатыр.

Марқұм халық үшін игі іс істеуді ертеден бастапты.

Мысалы 2010 жылы 11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, ауылды су шайып кеткенде тұрғындарға ірі көлемде көмек көрсетті. Ауылдағы бірталай жанның баспанасын тұрғызып бергені ел есінде. Жүрегі кең кейуана ел басына түскен ауыртпалыққа бей-жай қарай алмады. Жүрегі жаралы жандарға жанашыр болды. 

Марқұм жаны жабырқау жандарға үнемі жігер беретін, жылылық сыйлайтын. Жүздеген жетімнің маңдайын сипап, мейірімін төккен қарт ана үнемі барымен бөлісуге дайын тұрды. Ондаған жыл бұрын Жамбыл облысында болған зілзаладан зардап шеккен ауыл адамдарына риясыз көмек көрсетті. Үйсіз қалғандарға баспана сыйлады. Бибіжамал Әбіләзімованың көктемде Түркістан облысының Мақтарал ауданын су басқан кезде жасаған көмегі көпшіліктің есінде. Еске салсақ, биыл 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан Мақтарал ауданындағы ондаған ауыл су астында қалған болатын. Сол кезде де Бибіжамал апамыз қалыс қалмай көмек қолын созды. Жасы 80- ге тақаса да үйінде қол қусырып отыра алмады. Тіпті әлемді жайлаған жаман індетті жұқтырып алам деп сескенбеді. Әрқайсысына 70 мың теңгеден салынған 480 конвертті мұқтаж жандарға өзі келіп таратқан болатын. Ол кезде Бибіжамал апа жалпы сомасы 33 миллион теңге бөлген еді.

Сондай-ақ 2019 жылы Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде үйі бүлінген көптеген қала тұрғындарына қол ұшын созды.Еңсесі түсіп езілген жұртқа аналық мейірімін көрсетті. 

Бибіжамал Әбіләзімова жетімдер үйіне үнемі қаржы бөліп тұрған. "Жетім көрсең жебей жүр дейтін" ұстанымда болды. Себебі қазыналы қарияның өзі де кезінде жесір қалса да 10 баласын жетімсіретпей, қанаттыға қақтырмай жалғыз өсіріп жеткізді. Сол себепті жетім-жесір көрсе жүрегі сыздайтын мейірімді жан болды. Содан болар 8 баласы бар жесір анаға, Жетісайда тұратын 6 балалы анаға баспана сыйлағанын да ешкім ұмыта қойған жоқ. 


Бибіжамал апаның ел игілігі үшін атқарған істері бір төбе.

Мәселен Ақтау қаласында «Бекет ата» мешітін сонау 1989 жылы салдырған. Аталған Алла үйі қаладағы ең бірінші мешіт болып саналады. Мешіт медресе салуы мұнымен шектелмеген. Атап айтар болсақ, Бибіжамал апа Қызылорда облысында «Ақтас» мешітін, «Қорасан ата» мешітін, Жетісай қаласындағы мешітті салуға қол ұшын созған. Басқа да мешіт-медіреселерге берген көмегі ұшан теңіз.

Бибіжамал Әбіләзімова жастардың түзу жолға түсуіне себепші болуға тырысты. Барынша көңілге үміт сыйлап, болашаққа сенім ұялататын жан еді. Ол жыл сайын мәуліт мерекесін ұйымдастырып, елдің рухани азық алуына септігін тигізіп келді. Ақтау қаласында тұрақты түрде өткізілетін Құран оқу жарысының демеушісі болды.

Бұл аталғандар марқұмның жасаған қайырымдылық шараларының бір парасы ғана. Ақтау халқының айтуынша, оның өз ағайын туыстарынан бөлек көпшілікке жасаған жақсылықтарында шек жоқ. Сол себепті жақсының шарапатын көрген жандар марқұмның қазасын естігенде қабырғасы қайысты, қоштасуға асықты. Бір кісідей қайғырып, аза тұтты.

Еске салсақ, тамыздың 3-і күні Ақтау қаласында Бибіжамал Әбілазімова 79 жасында өмірден озды. Марқұм Маңғыстау облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Мақсұтхан Әбілазімовтың және кәсіпкер Бахаридин Әбілазімовтың анасы. Он бала өсірген апаның 50 шөбересі мен 39 немересі бар. Көзі тірісінде Бибіжамал апа жүздеген адамға қайырымдылық көмек жасаған. Ел ішінде игі істерімен танылған сыйлы адам болатын.

Соңғы жаңалықтар