Марат Омаровтың анасы қайтыс болды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Марат Омаровтың анасы қайтыс болды

Марат Омаровтың анасы қайтыс болды

"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды" деп жырлаған Марат Омаровтың анасы бүгін 95 жасында қайтыс болды.

  • 9 Мамыр 2020
  • 57
Фото - Caravan.kz

Танымал әнші Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында анасы туралы, "Анашым" әнінің тарихы туралы айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz

"Анам әке орнына әке бола алды"

Омаровтың айтуынша, оның анасы Сұлухан Сұлтанова 1925 жылы сәуірде Түркістан облысы Соқтас елді мекенінде туған.

"Ол кісі Ұлы Отан соғысы басталғанда пошта қызметкері болып жұмыс істеген. Сол пошта арқылы әр шаңыраққа қайғылы да, қуанышты да хабарды анам жеткізіп отырған. Ол кезде жазу танымайтын адамдарға мектепте оқитын анам барлық хабарды оқып береді екен. Қайғылы хабарды жеткізу үшін де қайсарлық керек. Анам кішкентай кезінен сондай қиыншылық көрген", — дейді әнші.

Оның сөзінше, анасы өнерді өте жақсы көретін. Оны актриса ретінде театрға да шақырған екен.

"Анам бала кезінен мандолинада ойнайтын. Қызылордада тұңғыш театр ашылған кезде оны актриса ретінде шақырған екен. Сонда Сұлтан атам жалғыз қызымды жібере алмаймын депті. Әйтпесе, бүгінде ол Бибігүл апаларымыздың қатарында жүрер ме еді?", — дейді Омаров.

Марат Омаров — бес ағайынды, үйдің кенжесі екен.

"Анам кейін тұрмысқа шығып, әкем Әбдімен отбасы құрған. Олардың бес баласы болды, мен — кенжесімін. Әкем мен бір жаста болғанымда дүниеден озды, оны көрген жоқпын. Бірақ жұрттың айтуынша, әкем домбыра шертіп, анам мандолинада ойнап, кез келген кештің көркі болған екен. Анам әке орнына әке де бола алды", — дейді әнші.

Оның сөзінше, Сұлухан Сұлтанова бұған дейін инсульт алған екен, сол сырқатынан көз жұмған.

"Анашым" әні қалай жарық көрген?

Марат Омаровтың репертуарындағы ең танымал әндердің бірі — "Анашым". Әндегі "Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды" деген тіркес әлі ел аузында. Омаров әннің қалай дүниеге келгенін айтып берді.

"Анашым" әні 1988 жылы жарық көрді. Сол кездері Алматыға оқуға түскенмін. Екі жылдан бері өнер қуып жүрген кезім. Бір күні анам мені екі сөмкемен Алматыға іздеп барған. Ал мен жоқпын. Қапшағайда "Жаушы" дейтін фильмге түсуге кеткенмін. Мен жатақханада болмаған соң, басқа балалар анамды қарсы алған. Анам "Сендер де менің балаларымсыңдар ғой" деп, екі сөмкесін ашып, дастарханды жайып жіберген. Жатақханада аш жүрген студенттер ауылдың қазы-қартасын, бауырсағын жеп, қымызын ішіп, мәз-мейрам болған. Мен бір аптадан кейін оралғанымда, анам кетіп қалыпты. Жатақханадағы балалар алдымнан шығып, "Марат, анаңды көрдік. Өз анамызды көргендей қуанып қалдық" деді", — деп еске алды ол.


Кейін анасының хатын оқып, елге танылған ән жарық көріпті.

"Іштей қызғанышпен өз бөлмеме кірсем, кішкентай сөмке тұр екен. Оның ішінде киім-кешек пен әкемнің суреті жатыр. Түннің бір уағы болды, ұйқым келмеді. Жастықтың астын қарасам, хат жатыр. Онда "Әкеңнің басыңнан сипағанын көре алмадың-ау, балам. Сағынып келгенімде, сені таба алмай кеттім" деп жазылған. Оқып отырып, көзімнен қалай жас шыққанын байқамай қалдым. Сөйтіп, бөлмемдегі күйсандыққа отырғанмын, сол кезде "Анашым" әні жарық көрді", — дейді Омаров.

Ол бұл әннің өз анасына ғана емес, барша анаға арналғанын айтады.

"Қазақтың даласы қандай кең болса, анамның таза жүрегі, пейілі ақ сезімі сондай кең деп жырладым. Сол әнім менің анама ғана емес, бүкіл ақ жаулықты анаға арналды. Анам — осы әннің афоризмі. Жақында АҚШ-қа сапарымда сондағы адамдар да менің осы әнімді айтып, анам туралы сұрады. Мен бұл әнді көп елде орындадым. Бүгінде ол әлемдегі барша анаға арналған әнге айналды деп айта аламын", — дейді Марат Омаров.