Барлығы жастық шақтан басталатыны белгілі. Қашан және қалайша музыкант болам деп шештіңіз?
Бұл өзі бір қызық оқиға. Анамның айтуынша, мен 4 жасымда балабақшадан келген бойда «Ана, мен пианинода ойнағым келеді!» деппін. Бұл менің есімде жоқ, әрине. Алайда бізге музыкадан сабақ берген жасы үлкен әйел есімде қалыпты. Отбасымызда музыкант ешкім жоқ, әйтсе де, анам келісе кетті, міне, содан бері мен пианинода ойнайтын болдым.
Егер дирижер болмағанда, кім болар едіңіз?
Оны айту қиын. Менің құқықтану саласында алған академиялық дәрежем бар, себебі музыкант болғанмен, жас кезіңде табысың күнкөрісіңе жете ме, білмейсің ғой. Ата-анам мені үнемі қолдайтын, сонымен қатар музыкаға қатысы жоқ басқа мамандықты меңгеруің керек деп кеңес беретін. Міне, осылай университет бітірген едім.
Таңдауыңыз немен байланысты болды?
Құқықтануды меңгере бастаған себебім, мен еркін сөйлей аламын, алайда құқықтану пікірталасты, әңгімені қалай жүргізу керектігін, мәселені қалай шешу керектігін үйретеді. Бұл салаға аса қызықпасам да, осы бағытта білім алып шықтым. Мен, тіпті, басқа қандай мамандықты таңдар едім, айта алмаймын. Бұған дейін айтып өткенімдей, мен өте әуесқоймын, сол себепті көптеген нәрсемен айналысқанды ұнатамын. Жалпы мен жаңа нәрсені меңгергенді ұнатамын. Маған кеңсеге таңғы 9-да келіп, кешке қайтатын қарапайым жұмыс қолайсыз.
Жұмысқа көп уақыт бөлесіз бе? Ол өміріңіздің ажырамас маңызды бір бөлігі ме?
Иә, жұмыс өмірімнің маңызды бір бөлігі. Жүрген жерімде айтып жүремін, біз дәрежесі ерекше адамдар санатына жатамыз. Біз өзіміздің неге тұрарлық екенімізді ісімізбен көрсетеміз. Ең қиыны — осы. Бұл өте сирек кездеседі. Мысалы, мен 10 немесе 12 сағат жұмыс істей аламын, әрине, жұмыстан кейін шаршаймын, алайда бұлай шаршағанның жөні бөлек. Мен жұмыс істегендей болмаймын! Мен қолымнан келгенімді жасаймын. Және мен содан ләззат аламын. Сен музыкамен айналыссаң, бұл сенің қолыңнан келетін нәрсең. Сен 10 сағат бойы жұмыс істеймін деп ойламайсың, бұлай ойлаған да қызық емес. Осы тұрғыдан алғанда, біз дәрежесі биік адамдармыз. Біз жасаған кәсібімізден ләззат аламыз! Бұл өте сирек кездеседі. Және біз осындай мүмкіндік үшін Жаратқанға риза болуымыз керек. Мен мансабымды пианиношы ретінде бастадым. Бұл жол қаншама сағат бойы бас алмай жаттығуды, жұмыс істеуді талап етті. Кейін мен мұндай жұмыстың жаныма жат екенін ұқтым. Бұл маған ұнайды, алайда бұл менің айналысқым келетін нәрсе емес. Бұл дирижер болсаң, жұмысың азайып, кем жаттығасың деген сөз емес, бұл оқудың мүлдем басқа процесі. Сен адамдармен бірге жүргенде де тәлім аласың және олармен араласуға дайынсың. Егер сен пианиношы болсаң, сенің өз аспабың бар және сен өзіңді қоршаған әлемді ұмытып кетесің. Мен бұл мамандықты өте құрметтеймін, бірақ пианиношы болу маған тән емес екен. Енді, міне, жұмысым 24 сағат бойы өзіммен бірге деп айта аламын. Оның үстіне мен тағы бірнеше нәрсемен айналыса аламын.
Қойылыммен жұмыс барысына тоқталсақ, сіз түрлі кейіпкерлердің, рөлдердің ортасындасыз, өзіңізді осы қойылымның бір бөлігі, сол сахнадағы әлемнің бір бөлігі сезінесіз бе?
Барлығы жағдайға байланысты болғандықтан, біржақты жауап беру қиын. Бүгінде көптеген қойылымдар қызықты емес. Ал, кейде сен соның ортасында тұрасың да, болып жатқан нәрсеге сенбейсің. Осы тұрғыдан алғанда қиын, неге десеңіз, сен өзің сенетін істі жүзеге асыруың керек. Үнемі солай. Мысалы, біз «Астана Опера» театрында «Аттила» қойылымын дайындадық, бұл бір жойқын әрі таңғажайып қойылым болды, себебі оны қойған Пьер Луиджи Пицци заманымыздың әлемдік деңгейдегі салмақты режиссері болып табылады. Сен қойылыммен жұмыс істегенде, неше түрлі жағдай болатынын түсінесің, әншілер бір жерін дұрыс айтпайды немесе басқа нәрсе музыкамен үйлеспей жатады. Осылай, қойылымға байланысты сен өзіңді сол сахнадағы өмірдің бір бөлігі сезінесің.
Достарыңызбен кездескенге, жеке өмірге уақытыңыз бар ма?
Иә, әрине. Менің достарым өте көп. Мен Римде тұрамын, сол жерде болғанда үнемі достарыммен кездесіп тұрамын. Біреуімен түсте жүздессек, екіншісімен түстен кейін немесе кешке кездесемін. Жақын достарымның ортасында болғанды ұнатамын, жаңа достық құрғанды ұнатамын. Қазір skype, whatsapp арқылы үнемі байланыста бола аласың, мен де соларды қолданамын. Себебі бұл адамдар — өмірімнің бір бөлігі.
Сіз Астанаға келмей тұрып, Қазақстан жайлы естіп пе едіңіз?
Иә, әрине. Мені географияға тәуелді адам десе де болады. Мен әлемнің 130 елінен 110 елді білемін, сондай-ақ олардың астанасын да білемін.
Біздің мәдениетімізде немесе біздің адамдардың бойында қызықтырған нәрсе болды ма?
Бұған дейін Қазақстаннан адамдарды кездестірсем де, бұл жерде бұрын-соңды болмаппын. Өкінішке орай, әзірге қазақ мәдениетімен және дәстүрімен танысудың сәті түскен жоқ. Көп жұмыс істеген кезде бұл өте қиын. Әйтсе де, қай жерде жүрсем, сол жермен жақынырақ танысуға тырысамын. Маған бәрі қызық — адамдар қалай тамақтанады, осы жердегі адамдар немен айналысатынын жасап көрген де қызық. Бір топ адам Намибияға барғанымыз есімде. Соңғы күнде біз сол жердің адамдары жейтін тағамнан дәм татайық деп шештік. Мен ресепшнге түстім де, қонақ үйдің қызметкеріне біздің топ ерекше әрі өзгеше тағам жегісі келетінін айттым. Ол, егер ерекше бір нәрсе жегіңіз келсе, қуырылған құрттың дәмін көру керек деді. Сол кезде топтағылардың барлығы қарсы болып, жемеді. Алайда мен жеп көрер едім. Бұл жеуге жарамды және одан өліп қалмас едім деп ойлаймын. Мен қолтырауынның, жыланның етін жедім. Менің ойымша, егер сен мұндай елге барсаң, олардың жейтін тағамын жеп көргеннен өлмейсің.
Тамақ таңдайсыз ба? Қандай асты ұнатасыз?
Мен итальяндықпын. Егер итальяндық Қазақстанға барса, ол жерде тек макарон жейді деп ойлайтын ақымақ достарым жетерлік. Айталық, Танзанияға барып тұрып, ол жерден спагетти жеу — ақымақтық, себебі, олардың спагеттиді Римдегі анаңдай дәмді етіп дайындамайтыны белгілі. Барған жеріңнен және ондағы дәмнен ауыз тиіп, содан ләззәт алған жөн. Маған француздық, жапондық тағамдар ұнайды. Соңғы 20 жылда мен Жапонияға жыл сайын баратын болдым. Барған сайын жақсы мейрамханаларға барып, тамаша жапон немесе қытай тағамын жеп көруге тырысамын. Неге десеңіз, Италияда қытай және жапон мейрамханасы көп, бірақ сен жапон тағамын Жапонияның өзінде жеп көрсең, бұл бөлек әңгіме. Нақты бір асхананы ұнатамын деп айта алмаймын, маған әлемнің көптеген тағам түрлері, соның ішінде итальяндық та ұнайды.
Сіз әр нәрсеге әуессіз және экстремалдық нәрсеге бүйрегіңіз бұрып тұрады. Бұл сіздің жұмысыңызға әсер етпей ме?
Демалысқа шығар алдында жоспарыммен бөліссем, елдер маған «Жұмыс кестең өте тығыз. Онымен қалай айналыспақшысың? Одан да 3 аптаға теңіз жағасына барып, жатпайсың ба?» дейді. Мен олай демала алмаймын. Мұндай тыныштықта 3-4 күннен кейін ішім пысып кетеді. Биіктігі 6000 метр болатын жанартауға өрмелеп шыққан қиын, әрине, бірақ сен соған жеткенде бар ойың сол жерден қалай аман қалуға бөлінеді. Бұл миыңды тазартады. Мұндай демалыстан қайтқанда шамалы шаршайтын шығарсың, есесіне, серігіп қаласың. Бұл жұмысымызға пайдалы, неге десеңіз, біздің жұмыс ойланумен байланысты. Сен көп ойланасың және сен ойыңды жинақтауың қажет, себебі кез келген уақытта бір нәрсе болып қалуы мүмкін. Алманияның театрларында репетиция болмайды, жүйе сондай. Ол жақта тек фортепианомен репетиция жасайды. Қойылымға келсек, сен барасың да спектакльді репетициясыз құр оркестрмен дирижерлық етіп шығасың. 10 жыл бұрын Алманияның жетекші театрларының бірінде «Тұрандот» қойылымына дирижерлық еттім. Репетициясыз бірден сахнада дирижерлық еттім, өте қиын. Ол кезде «Тұрандот» қойылымы ойдағыдай орындалды, алайда жоспар кез келген сәтте бұзылуы мүмкін болғандықтан, мен бар назарымды соған аудардым. Осындай ауыртпалықтан кейін сен 10 күн бойы Солтүстік Мұзды мұхитта каякингпен айналыссаң, миың тазарады. Бұл бойдағы ауыртпалықтан арылып, қуат жинаудың және шабыттанудың өзінше бір тәсілі.
Музыкадағы, операдағы жаңа бағыттарға көзқарасыңыз қандай?
Сіз жаңа әдісті айтып отырсыз ба, әлде ескісін бе? Менің ойымша, орындаумен жұмыс жасаудың жаңа және ескі әдісі бар, ал қойылыммен жұмыс жасаудың дұрыс және бұрыс тәсілі болады. Римде Анна Нетребко орындайтын «Манон Леско» атты заманауи қойылым бар. Бұл ішті пыстырып жіберетін классикалық қойылым. Алайда кейбір заманауи қойылымдар қызық әрі толғандырғыш келеді. Әйтсе де, қоюшының жұмысын мүлдем түсінбейтін режиссерлар қоятын заманауи қойылымдар да бар. Мен жаңа жағдайға оңай бейімделе алатын өте ашық адаммын. Менің түсінігімде, егер сен заманауи қойылым қойсаң, сен маған опера жайлы бір жаңалықты жеткізгің келеді деген сөз, сәйкесінше сен қойылымда өзіңнің жаңа көзқарасыңды білдіресің. Мен «Дон Джованни» қойылымына дирижерлық еттім. Дон Джованни сахнаға бейсболдық кепешімен шыққанда, бәрі шынайы, орынды болып тұрды, себебі мұнда мағына жатыр. 3-4 жыл бұрын Мюнхенде «Кармелитаның диалогы» атты қойылымында болдым. Ол француз революциясы кезінде өмір сүрген бір топ монах әйелдер жайлы. Әдеттегі өмірден бас тартқан бұл топ, тым діншіл еді. Дін ақылсыз адамның ермегі саналғандықтан француз революциясы кезінде барлық монастырьлар жабылды. Аталған монах әйелдер бағынудан бас тартқандықтан, сол үшін жауапқа тартылып, өлімге кесіледі. Қойылымның соңы керемет. Алаңда көптің көзінше монах әйелдерді өлімге кесу көрінісі 15-20 минутқа созылады, әлгі әйелдер белді бекем буып, өлім алдында бірін-бірі қолдамақ мақсатта діни әнұрандарын орындап, қайратты болуға тырысады. Партитурада басты шабатын құрал соққысының дыбысы да жазылған. Осылайша монах әйелдерді бірінен кейін бірін осы дыбыспен жазаға кеседі. Бұл сәт адамды өте қатты толғандырады. Дәл осы қойылымды «бір данышпан жаңаша қояды» дегенге Мюнхенге келдім, көрініс айтарлықтай ерекше болмаса да, жаман емес екен. Соңғы көріністі қоюшы режиссер мүлдем өзгертіпті, сценарий бойынша монах әйелдер үйде отырады, солардың біреуі, қараңғыдан, өлімнен, бәрінен қорыққандықтан, батыл болу мақсатында дін жолын таңдаған екен. Өлімнен қорыққан әлгі монах әйел соңғы көріністе қашып шығып, бірақ алаңнан алыс кетпей, өзге діндарларды қалай өлімге кескенін қарап тұрады. Сол сәтте ол бойына батылдық жинап, өлімге өз еркімен бас ұрады. Оқиғаның ең мықты жері осы болды. Қойылымның осы нұсқасында барлық монах әйел үйде қалады да, ол шығып кетеді. Неге бұлай болғанын ешкім түсінбей әлек. Үйде дарға асыла ма, әлде отқа орана ма, әйтеуір монах әйелдер өлуі тиіс. Осы сәтте әлгі қашып кеткен монах әйел үйге жүгіріп келіп, қалған әйелдерді бірінен соң бірін сыртқа шығарады да, өзі сол үйде көз жұмады.
Алайда сен шапқан балтаның дүрсілін естисің де, дарға асатын баспалдақты көрмейсің. Егер мен дирижеры болсам, мұндайдан бас тартар едім.
Өмірде актерсыз ба?
Бәрімізге де өмірде белгілі бір рольді ойнауга тура келеді, ол көңілді де, көңілсіз де болуы мүмкін, кейде жақсы психологпыз. Егер сен бірге жұмыс жасайтын адамдардың психологиясын білмесең, жетістікке жете алмайсың. Мен ешқашан бұйрық бермеймін, себебі дирижермын және маған бағынады деп ойламаймын да, себебі ол әдіс жүрмейді. Ал егер адамды көзін жеткізу және мәжбүрлеу арқылы өз ісіне сендіре алсам, онда бұл әдіс жұмыс істейді. Сол себепті жақсы психолог болуың керек. Бастан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Ресейде бір атақты опера жұлдызымен жұмыс істеп, дирижерлық ету керек болды. Мен бастапқы репетицияларға бара алмай, ассистентімді жібердім. Бұл «Лучия Донна» күрделі қойылымы еді, жіберген көмекшім жұмыс істей бастағанда әлгі примадонна оны тыңдамай, жұмыс барысындағы өтініштерді орындаудан бас тартыпты. Сол кезде ол маған хабарласып, «Мен не істеймін? Ол менің айтқанымды жасаудан бас тартып жатыр» деді. Мен оған: «Жақсы, оған басыңды қатырмай, мен келгенше басқа солистермен жұмыс істей бер» дедім. Сосын мен де келдім, барлығы күтіп отыр екен. Мен онымен кездескеніме қуандым, примадонна байсалдылық танытып, мінез көрсете қоймады. Өзімнің жұмыс тәсілімді көрсету үшін оның көзінше өзге әншілермен репетицияға кірістім. Бір ариямен 1 сағаттай жұмыс істедік. Ол қызығушылықпен бақылап отырды. Әлгі әйелді жаттықтыруға келгенде, мен концертмейстерге бәрін оның қалауы бойынша жүргізуді өтіндім. Яғни, мен оның орындау мәнерін өзгертпедім. Ол арияны орындады да, мен қашан тоқтатып, түзетер екен деп күтті. Мен оның шырқап болғанын күттім де, «Уау! Маған сізді ұлы әнші деп еді, алайда сіз одан да асып түсетін әнші екенсіз!» дедім. Ол алғыс білдіре бастады, сол кезде мен, бұдан да тамаша шырқау үшін мына жерде, ана жерде былай өзгертсек қалай қарайсыз деп сұрадым. Көріңіз, егер сізге ұнамаса, керегі де жоқ дедім. Ол келісті. Содан бері ол бәрін мен айтқандай, ұсынғанымдай жасайтын болды. Қазір ол менің ең жақын досым. Кіммен жұмыс істейтінің маңызды емес, адаммен жұмыс істеу үшін оның тілін таба білгенің, жақсырақ шырқау үшін адамның көзін жеткізіп, қызықтыра білгенің маңыздырақ.
Досым Ренато Бузо атақты баритон, өзінің ит мінезімен танымал, себебі ол үнемі елдің бәрімен сөз таластырып, ұрсысады да жүреді. Екеуіміз қаншама опера мен концертке дайындалдық, ешқашан керіскен емеспіз, ешнәрсеге де таласқан жоқпыз. Себебі, мен онымен қалай сөйлесу керектігін білемін.
Өмірде нені жоғары бағалайсыз? Өмірдегі құндылықтарыңыз қандай?
Мен шындықты, достықты және өз ісіңе сену керектігін өте бағалаймын. Бұл өмірлік құндылықтар көптеген адамға тән шығар. Мен жеке қарым-қатынасты жоғары бағалаймын, соған сенемін. Менің ойымша, адал болу, аянбай еңбек ету, қалағаныңа қол жеткізу — аса маңызды. Музыка жолы — оңай жол емес, біздің мамандығымызда екіжүзділер жиі кездеседі. Алайда бұл жерде адал болған және бірге жұмыс істейтін әріптестеріңмен жақсы қарым-қатынаста болған өте маңызды, себебі тек сонда ғана толыққанды өмір сүруге болады. Маған мысқылшыл, қызыққұмар адамдар ұнайды. Үдеріске сенетін адамдар, бәрін өзгеріссіз бұрынғыша қалдырғанды қалайтын консерваторларға қарағанда, жаңа бір нәрсе шығаруға қабілетті деп ойлаймын. Алайда жаңа нәрсені жасағанда, сен өзіңді, өмірдегі өз орныңды табасың. Мен жаңа жағдайға бейімделе алмайтын адамдарды, консерваторларды ұнатпаймын. Маған өмірге деген құлшынысы тасыған жастар ұнайды. Менің 16, 17 немесе 20 жастағы інілерім, қарындастарым, достарымның балалары бар және мен олармен жақсы тіл табысамын, өйткені мен оларды, олар мені түсінеді. Мен жастардың өмірімізге жаңа, қызықтыратын нәрсе әкелетініне сенемін.
Болашақ шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз?
Мен өте қызыққұмар адаммын. Демалған кезде Килиманджароға өрмелеп, Солтүстік Мұзды мұхитта каякингпен, джунглиде треккингпен айналысатынымды айтып өткім келеді. Мен бүгінде мейнстриммен етене жүрмейтін нәрселермен айналысқанды ұнатамын. Жұмыс барысында белгілі бір себептерге байланысты сол жақтағы адамдармен араласқан қызық болып табылатын елдерге барғанды ұнатамын. Мысалы, өткен жылы Сан Паулода болып, бір концертте дирижерлық еттім. Жас оркестрмен жұмыс жасадым, бұл сөзбен жеткізе алмайтын керемет тәжірибе болды. Олар мені оркестрдің бас дирижеры болуға шақырды. Бірақ маған ондай жұмыс ұнамайды, себебі бір жерде ұзақ уақытқа қалып жұмыс істеу жаныма жат. Мен көп саяхат жасағанды ұнатамын. Қайтадан Сан Паулоға барам, сосын Кореяға, Мексикаға жиналамын, одан кейін Колумбияда супержұлдыз Даниэла Дессимен «Тұрандотта» дирижерлық етемін. Сонымен қатар мен Жапонияның өте көп көлемдегі тамаша жетекші солистерінен тұратын адам айтқысыз оркестрімен ұзақ жұмыс жасаймын. Сондай-ақ, мен дирижер ретінде Италияда, Алманияда өтетін концерттерге қатысамын. Жақын күдері Арена ди Веронада өтетін үлкен гала концертке қатысамын. Әрине, бұл өте үлкен оқиға. Мұнымен қатар, біз болашақта осы театрмен бірлесіп қоятын қойылымдар жайлы келісім жүргізіп жатырмыз. Тағы, Хельсинкиде «Дон Паскуале» жаңа қойылымын паш еттім, бұл бір керемет қойылым болды, енді олар мені тағы да шақырып жатыр. Мен Ф.И. Шаляпин ат. фестивальға жиі қатысамын. Швейцария мен Алманияның әлемдік театрлары мені төрт-бес мәрте жетекші дирижер болуға шақырғанын айтып өткім келеді. Бірақ мен бұл ұсыныстарды ешқашан қабылдаған емеспін, өйткені маған 8-9 ай бойы бір жерде қалып, жетекші дирижер болған ұнамайды. Мен үшін бұл түк қызық емес. Бұл мені ынталандырмайды. 2014 жылдың 2 жартысындағы жұмыс жоспарыма көз жүгіртсек, ондағы жұмыс кестем өте тығыз, онда мен баруды жоспарлаған елдер саны өте көп. Жұмысымның ең жақсы жағы осы, және мен жоспарлағанымдай барлық елдерде боламын деп үміттенемін. Сондай-ақ, мен «Астана Опера» театрына тағы келуге мүмкіндік туатынына қуаныштымын.