Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің қамау мерзімі 2022 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, тергеу соты Мәсімов пен Садықұловты қамауға алу мерзімін 2022 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартқан.
"Д.Е. Ерғожинді қамауда ұстау мерзімі 13.12.2022 жылға дейін, М.С. Осипова — 22.12.2022 жылға дейін ұзартылды. Д.М. Акипов пен Н.К. Бекмұратқа ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", — деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігімен мемлекетке сатқындық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Биыл наурызда бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.