Ескерткішті ашуға арналған салтанатты шараға Ресей Федерациясындағы ҚР елшісі Қырымбек Көшербаев, Мәскеу мэриясы мен Ресей астанасының шығыс округы префектурасының өкілдері, РФ СІМ-нің, сондай-ақ, осындағы ТМД елдері дипломатиялық миссиясының жетекшілері қатысты.
Қазақтың аты аңызға айналған батыр қызының рухына тағзым ету шарасына соғыс ардагерлері мен оның майдандас құрбы-құрдастары келді. Ақтөбе облысынан келген өкілдер, Қазақстандық студенттер мен Мәскеудегі қазақ диаспорасы өкілдері де жерлестерінің құрметіне жиналды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қ.Көшербаев батырға арналған ескерткіш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жеңістің 60 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойларына арналып жасалғанын атап өтті. Елші адамзат тарихындағы ең жанкешті соғыс барысындағы екі халықтың бауырластығы мен ерліктеріне тағзым ретінде осынау ескерткіштің орнатылғанын тілге тиек етті. «Екі ел халқы өз тариыхына әрдайым құрмет-ілтипатпен қарап, болашақ үшін, келешек ұрпақтың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін өз өмірін қиған батырларды жадынан шығармайды дегенге сенім білдіргім келеді»,- деді Қ.Көшербаев.
Әлия Молдағұлова атындағы мектеп орналасқан көше де батыр қыздың есімін еншілеген. Бұл көшеде 1942- 1945-жылдары әйелодердің орталық мергендер мектебі орналасты. Мектеп 2200 мерген қыздарды дайындап шығарды. Олар 12 мыңнан астам фашистердің көзін жойды.
1943-жылы 18 жасында атқыштар мектебін бітіріп шыққан Әлия 2-Прибалтикалық фронт, 22-ші армияның құрамындағы 54-ші дербес атқыштар бригадасы, 4-ші батальонының мергені ретінде соғысқа қатысты. Ол 30-дай фашист әскерлері мен офицерлерін жаҺаннамға аттандырған. Ә.Молдағұлова 1944-жылдың қаңтар айында Псков облысындағы Казачиха аулының маңындағы қиян-кескі ұрыста ерлікпен қаза тапты.
«Қазақстан Мәскеудегі Ә.Молдағұлова атындағы мектепті көптен бері қанатының астына алып, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен,жаңа оқу жылының басында мектеп Ресейдегі Қазақстан елшілігінің атынан шағын компьютерлік класс пен басқа да кеңсе жабдықтарын алды. Сонымен бірге биыл елшіліктің қолдауымен мектеп жанынан ашылған Ә.Молдағұлова атындағы мұражайдың ауқымы біршама кеңейіп, мұрағаттарының саны артты»,- деп хабарлайды елшілік.