Жарияланды: 410

Мәскеуде «Атомэкспо-2011» халықаралық форумы өтіп жатыр

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының делегациясы Мәскеуде өтіп жатқан «Атомэкспо-2011» халықаралық форумына қатысуда.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшин жетекшілік жасаған бұл делегация құрамында холдингке қарасты - «Тау-кен компаниясы» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Волковгеология» АҚ жетекші кәсіпорындардың өкілдері бар. Үш күндік бұл форум кезінде ядролық энергетика саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың мамандары атом саласының бүгінгі көкейкесті мәселелерін талдап, сарапқа салатын болады. Бұл жолы қауіпсіздік мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр. Онда Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне қатысты үш баяндама ұсынылмақ. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Өндірістік-техникалық департамент директоры Юрий Демихов ұлттық атом компаниясының тау-кен кәсіпорындарына арналған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер кешені туралы; «Волковгеология» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Сушко бұрғылау паркін техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру туралы; «Тау-кен компаниясы» ЖШС өкілі Юрий Бурых «Кеніш» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолдана отырып уран өндіруді басқару туралы баяндамақ. Сондай-ақ атом өнеркәсібі және аралас салалар кәсіпорындарының мамандандырылған көрмесіне де Қазатомөнеркәсіп ауқымды экспозиясын ұсынып отыр. Оған атом өнеркәсібінің жетекші компаниялары және оларға жабдықтар мен бөлшектер жеткізіп беретін 70-тен астам кәсіпорындар қатысып, өздерінің өнімдері мен қызметтерін ұсынуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін