Жарияланды: 530

Мәскеуде ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі кезекті отырысы өтеді

Бүгін, 22-қаңтарда Мәскеуде өтетін ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі кезекті отырысында осынау халықаралық бірлестік аясындағы интеграциялық ықпалдастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы қаралады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ЕурАзЭҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Отырысқа қатысушылар ЕурАзЭҚ аясындағы мемлекетаралық мақсатты бағдарламалар жобасын жасау және жүзеге асыру тәртіптерінің жобасын, Достастық елдерінің үшінші елдермен сауда-саттығы барысында елге әкелуге және елден экспорттауға шектеу немесе тыйым салынған тауарлардың біртұтас тізімінің жобасын, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер азаматтарының Еуразиялық "бестік" аумағындағы уақытша еңбекпен айналысуы туралы келісім жобасын, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер аумағына мал текті шикізаттар, хайуанаттар мен мемлекеттік мал дәрігерлік бақылауы қызметінің қарамағындағы басқа да жүктерді енгізуде қойылатын мал дәрігерлік талаптар жобасын талқылайды. Сондай-ақ, ЕурАзЭҚ аясындағы шекаралық саясат негіздерін жүзеге асырудың тәжірибелік аспектілері мен бес мемлекеттің көлік және энергетика салаларындағы ықпалдастығына қатысты бірқатар мәселелер сарапқа салынады. Отырысқа ЕурАзЭҚ-ның бас хвтшысы Григорий Рапота қатысады. ЕурАзЭҚ-на Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары қамтылады. Ал Армения, Молдова және Украина елдері Қоғамдастықта бақылаушы мәртебесіне ие. Интеграциялық комитет- Қоғамдастықтың тұрақты жұмыс істеуші органы болып табылады. Комитет құрамына еуразиялық "бестікке" қамтылатын елдердің үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді. Интеграциялық комитет ЕурАзЭҚ органдарының өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету, одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары құрамына кіретін Қоғамдастықтың жоғары органы - Мемлекетаралық кеңес отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттерін атқарады. Интеграциялық комитет ЕурАзЭҚ бюджетін қалыптастыру мәселесі бойынша ұсыныстар дайындап, оның орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ, мемлекетаралық кеңес тарапынан қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуына бақылау қою да комитет функциясына жатады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін