Мәскеудегі ұлттар үйі мерекеде шаһардағы барлық диаспора өкілдерінің басын қосты, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы. Олардың арасында қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, тәжік, Иран елінің өкілдері мен түріктер бар.
"Бұл мерекеде әр халықтың өкілдері бірі-бірімен қауышып, өнерлерін ортаға салады. Қазақ диаспорасы өте белсенді. Бізде қазақ тілінің сабағы өтеді. Қазақстан халқына махаббат, достық, ең бастысы, береке тілеймін" дейді Мәскеу ұлттар үйінің директоры Владимир Тарасов.
Ұлттар үйінде наурыз мерекесі 2004 жылдан бері тойланып келеді. Мейрамға барлық диаспора өкілдері атсалысады. Үлкендер жағы киіз басу, ұлттық киім тігу және би билеуді де үйретеді. Ал қазақтар әдеттегідей келген қонақтарға дәмді бауырсақ ұсынады.
"Мәскеуде тұратын қазақтар үшін де наурыз мейрамы ең көңілді мерекелердің бірі. Бұл күндері адамдар туған-туыстарымен, достарымен көрісіп, бір-біріне амандық, саулық, жақсылық тілейді. Біз өзіміздің дәстүрімізді ұстанамыз. Тек жалғыз қалауымыз бар. Ол шаһарда Мәскеу қазақтары жинала алатын үлкен үйіміз болса деген тілек" дейді Мәскеу тұрғыны Гүлнар Исақова.
Мәскеуде Наурыз мейрамы әлі де жалғасады. Сәуір айының бас кезі, яғни күн жылығанда қаладағы көрме орталығының маңында жалпыхалықтық серуен ұйымдастырылады.