Олжас Сүлейменовтың шығармашылық кеші Қазақстандық суретшілер Шыңғыс Ноғайбаев пен Зәуре Смағұлованың туындылары көрмесімен және «Алтын ішек» скрипкашылар оркестрінің концертімен ашылды.
«Соңғы уақытта Қазақстан Ресейге бұрын-соңды болмаған қарқынмен мәдени экспансияға шықты. Бұл әрине, тек қолдауға тұрады»,- деді шығармашылық кешті ашқан РФ президентінің ТМД елдерімен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша арнаулы өкілі Джахан Поллыева.
Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстанның мәдениет өкілдерінің іс-қызметі екі елдің экономикасы мен саясатына да үлкен әсер етіп отыр.
«Қазақстандағы Ресей жылы аяқталғанына қарамастан, екі халық аарсындағы достыққа уақыттық шектеу қойылмаған»,- деді Д.Поллыева.
Қазақстан Республикасының Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Қырымбек Көшербаев соңғы екі жылда екі жақты тауар айналымы бірнеше есе өскенін атап өтті. «2003-жылы екі ел арасындаы тауар айналымы 5 млрд. долларды құраса, 2004-жылдың аяғында бұл көлем 8 млрд. доллардан асады»,- деді ол.
Өзара ынтымақтастыққа оңды мысал ретінде елші жуырда жүзеге асырылатын қазақстандық тұңғыш «Астана» мұнай танкерін суға жіберу шарасын атады. Қ.Көшербаев сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық тәжірибеде бірегейге саналатын «Мәңгілік достық туралы декларацияға» қол қойылғанын атап өтті.