ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің ақпаратына жүгінсек, кеңеске қатысушылар Достастыққа мүше елдерде электр энергетика саласын дамыту және біртұтас электрэнергетикасы жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге онда, әр ел қызметтерінің 2003-2004-жылғы күз-қыс маусымындағы бірлескен жұмыстары туралы талқыланады. ТМД елдерінің біртұтас электрэнергетикасы нарығын қалыптастыру мәселесі де назар төріне алынбақшы. Сондай-ақ, Достастық елдерінің энергия жүйесі бірлестігінің өзара параллель жұмыс істей бастауына дайындық барысы дәйектеледі.
Достастық елдері мемлекеттік құрылымдары мен энергетикалық компаниялары өкілдері ТМД аясындағы электрэнергетикасы жүйелері арасындағы электр қуатының саудасын бақылау және оны есепке алу тәртіптерінің жобасымен, сондай-ақ, ЕВРОЭЛЕКТРИК және ТМД электрэнергетикалық кеңесі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімнің жобасымен танысады.