Жарияланды: 900

Мәскеудегі көрмеде Қазақстан әскерінің экспозициясы үздік деп танылды

Мәскеудегі «Мемориал - 2011» көрмесіне Қазақстан армиясы ең үздік тақырыптық экспозиция ұсынды, деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігінің (ҚМ) баспасөз қызметі.

«Мемориал-2011» халықаралық көрмесі жұмысының қорытындысы бойынша қазақстандық экспозиция үздіктердің бірі деп танылып, Ресей Федерациясының статс-хатшысы - қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панковтың қолы қойылған «Көрменің үздік тақырыптық экспозициясы» дипломымен және медальмен марапатталды», делінген ҚР ҚМ баспасөз мәлімдемесінде. Қазақстан «қорғаныс министрлігі мен сыртқы істер министрлігінің үйлесімді іс-қимылы мен ҚР үкіметінің қолдау көрсетуінің арқасында» халықаралық көрмеге ресми түрде қатысқан ТМД-нің жалғыз елі болды. ҚМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Беларусь, Украина, ТМД-нің басқа елдері «ресейлік ұйымдастыру комитетінен шақыру кеш түскендіктен», көрмеге қатысқан жоқ. Қазақстандық экспозиция ҚР аумағында әскери зираттарды, бауырластар зираттарын, әскери қызметкерлер, әскери тұтқындар, шетелдердің азаматтық тұлғалары жерленген жерлерді сақтауға байланысты міндеттері бойынша үкіметаралық келісімдерді орындау туралы ақпараттан құралды. Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі тақырыбына баса назар аударылды. 1941 жылы Қазақстан аумағында әскери бөлімшелер құрыла бастады. Барлығы 12 атқыштар бригада және 4 кавалериялық дивизия, 2 теңіз атқыштар бригадасы, 7 атқыштар бригадасы және түрлі әскер түрлерінің 50 шақты жеке полктары мен батальоны құрылды. Қазақстан аумағында жасақталған құрамалардың ішінде 2 кавалериялық дивизия мен 2 атқыштар бригадасы ұлттық деп жасақталды. Қазақстандық экспозицияда қазақстандық жауынгерлердің есімдерін мәңгілік ету бағытындағы жұмысқа ерекше назар аударылды. «Шетелдегі қазақстандық жобалардың ішінен аса маңыздылары ретінде «Белоруссияны азат етуге қатысқан қазақстандық батырларға ескерткіш»(Минск), Дубосеково разъезінің қасындағы «27 батыр-панфиловшыға арналған мемориалдық кешен», Кеңес Одағының батырлары Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының Волоколамскқаласындағы ескерткіштері(Мәскеу обл.), Ржев қаласындағы «100-ші және 101-ші қазақ атқыштар бригадалары жауынгерлерінің мемориалы»(Тверь облысы)аталды», - делінген ақпаратта. ҚМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған нысандардың бәрі Қазақстан халқының атынан Беларусь пен Ресей халықтарына «Ұлы Отан соғысының шайқас алаңдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін есте сақтау үшін» ақысыз негізде сыйға берілді. «Мемориал-2011» көрмесі 22-23 маусымда Мәскеуде «Манеж» орталық көрме залында өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін