Мазардың үлкендігінен марқұмға пайда бар ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мазардың үлкендігінен марқұмға пайда бар ма?

Мазардың үлкендігінен марқұмға пайда бар ма?

Дүниеге келген адамның бір күні бұл жарықпен қош айтысатын уақыты да келер. Адам баласы әлсіз болып еш нәрсе білмей келеді. Сонда біз дүниеден не алдық, не қалдырдық?

  • 17 Шiлде 2018
  • 1204
Фото - Caravan.kz

 Иманды, Исламды ойламай, жүрегім таза деген адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөзін еске алсын: «Тіл таза болмайынша жүрек таза болмайды, жүрек таза болмайынша иман кәміл болмайды». Сонда мұсылман адам бала-шағасына өсиет айтып, дінді үйретіп, ақыретке артынан баратын сауаптарды да ұмытпау керек.

 Дүниеден өткен адамның артынан баратын үш сауап бар.

 Оның бірі – бала-шағасының дұғасы, оқыған намазы, ұстаған оразасы, имандылық жолында жасаған әрбір ізгі істерінің сауабы.

Екіншісі – көзі тірісінде ел игілігі үшін ағаш отырғызса, жол салып, көпір соқса, мешіт, медресе тұрғызса, құдық қаздырып кетсе, осыларды пайдаланған адамдардың рахметінің сауабы.

Үшіншісі – жазушы болып кітап жазып, ұстаз болып бала оқытып, тәрбиелеп имандылық жолын көрсетіп кеткеннің сауабы оның амал дәптеріне жазылып тұрады.

Бүгінгі таңда медреселер мен діни жоғары оқу орындарында оқытылып жатқан кітаптардың дені XII-XIV ғасырларда және одан кейінгі уақыттарда өмір сүрген атақты дін ғалымдарының жазып қалдырған еңбектері. Қанша ғасыр өтсе де, ғалымның хаты өлмейтінін көріп отырмыз. Солардың еңбегін пайдаланған қаншама мұсылмандар имандылық жолын тауып, бала-шағасында да осы жолға тәрбиелеп бақытты өмір сүруде.

Бұл өмірдің соңғы аялдамасы – қабір. Дүниеге тоймаған адамның көзін де, қарнын да тойдырытын топырақ. Сол қабірдің бүгінгі көріністері ешкімді ойландырып отырған жоқ. Марқұмның тірі кезіндегі тұрмысын оның қабірінен көруге болады. Қабірінің басына салынған кесене оның осы дүниедегі дәрежесін ғана көрсетсе, астында жатқан бай мен кедей де, патша мен жарлы да бір деңгейде жатыр. Байлары тереңіректе, кедейлері бер жағында жатқан жоқ. Артында қалған туыс-бауырлары, бала-шағасының шығындалып салдырған кесенесінің сауабы оларға бармайды. Сол кесенеге кеткен қаражатпен жоқ-жітіктің жамауын жамағанның ғана сауабы марқұмға тиеді. Бір мешітке кететін қаражатты жұмсап үлкен кесене салдырып, төбесін жапқаннан марқұмға келер еш пайда жоқ. Үсті жабылған қабірдің топырағына жаңбыр тиіп нәр берсе, күннің көзімен үстіне шөп өссе, сауап, міне, осында.

Күмбез қойып марқұмнан Құдайдың күнін, жауынның суын аядың ба? Шыққан шөптің әрбірі Аллаға таспих айтып тұрса, сауабы марқұмға тимей ме? Қолыңнан келсе, басына ағаш отырғызып, гүл егіп қойсаң, міне, мұсылмандығың да, адамдығың да осыдан көрінер. Марқұммен бірге қабірге дейін бала-шағасы, жиған-терген дүниесі және тірі кезінде жасаған сауап пен күнәлары  ілесіп барып, оның алдыңғы екеуі (бала-шағасы мен дүниесі) кейін қайтады, ал соңғысы өзімен бірге қабірде қалады. Сонда қабірдегі сұрақ-жауапқа жиған дүниесімен емес, тапқан сауап-күнәларымен жауап береді.


Бір облысқа имамдық қызметке бара жатқан жігіттен пойыздағы жолаушылар әңгіме үстінде қайда бара жатқанын сұраған екен. Имамның жауабын естіген бір қария: «Балам, сен тірілерінен қарағанда өлгендері бай тұратын елге имам болып бара жатыр екенсің», – депті. Қабіріне қарап кім екенін танитын жағдайға да жеткен екенбіз. Марқұмның құрметі – өлгеннен кейін басына тұрғызылған кесене емес, лахадын кең қылатын қабыр қазушының күрегі емес, жатқан жерін жарық қылатын, жатқан бөлмесіне қырық күн жағылған шам емес, өзінің тірі уақтында халық игілігіне жасаған сауапты істері.

Алла баршамызға шынайы мүмін-мұсылман болып өмір сүріп, иманмен дүниеден өтуімізді нәсіп етсін. Ысырап қылған дүниемізбен ақыретте есеп беруімізден сақтасын. Әмин.

Ғалымбек ЖАПЕК,
«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы

                                                                                                                                            Ақпарат көзі: МАЗХАБ.КЗ