Әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың түсініктемесіне жүгінсек, президенттің жарлығы бойынша конвенция мынадай ескертумен қабылданды: «Қазақстан Республикасы конвенцияның 1 және 18-баптарындағы тәртіпті республика заңнамаларында қарастырылған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін орындайтын болады».
Конвенцияның 1-бабында көрсетілгеніндей, оған қатысушы елдер «жеңгетайлық жасаған, адамды жезөкшелікпен шұғылдануға итермелеген немесе осы мақсатпен теріс жолға түсірген, сондай-ақ, адамды жезөкше ретінде өз келісімімен пайдаланған» әрбір адамды жазаға тартатын болады. ҚР Қылмыстық кодексінде бұдан өзгеше жайт көрсетілген. Оған сәйкес, «адамды күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жезөкшелікпен шұғылдануға мәжбүрлеу, тәуелділікті пайдалану, бопсалау, алдау арқылы мүлікті зақымдау немесе құртып жіберу» әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу қарастырылған. Еліміздің заңдарында «жезөкшелікпен шұғылданатына адамның өзі келісімін беру» деген ұғым жоқ.
Конвенцияның 18-бабында мемлекетке ұлттық заңнамада қарастырылған тәртіптерге сәйкес жезөкшелікпен шұғылданатын барлық шетелдіктер туралы мәліметтер жинау міндеті жүктелген. Жиналған мәліметтер аталған адамдардың туған еліне табыс етіліп, олар елден шығарылуға тиіс. Алайда, Қазақстан заңдарында жезөкшелікпен айналысатын адамдар туралы мәліметтерді олар заң бұзған жағдайда ғана жинауға мұрсат берілген.
Ескерту осындай жайттарға байланысты жасалды.
Конвенцияға Қазақстан 2004-жылдың 17-қарашасында қол қойған. Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.