«Заң жобасы Қазақстан президентінің 2005-жылғы 18-ақпандағы халыққа арнаған жолдауын жүзеге асыру мақсатында жасалды»,- деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова заң жобасын депутаттарға таныстыру барысында.
Министрдің айтуынша, төрт заңға өзгерістер енгізілмекші. Атап айтсақ, «Мүгедектікке, асыраушысынан айрылуға және жасына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңға мүгедектікке, асыраушысынан айрылуға және жасына байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу тәртіптерін өзгерту және аталмыш төлемдердің мөлшерін арттыру туралы түзетулер енгізіледі.
«Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңға өзімен бірге тұратын төрт немесе одан көп балалы аналарға, сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен», бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылуға байланысты өзгерістер енгізілмек.
«Жер астындағы және жер үстіндегі тау-кендік жұмыстар мен аса ауыр және аса зиянды ахуалда еңбек еткендерге төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға да өзгерістер енгізіліп, аталмыш жәрдемақылар мөлшері арттырылмақ.
Сонымен бірге «Ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы» заңға да өзгерістер енгізілмекші. Бұл түзетулер ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеуге және оның мөлшерін тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгілеп отыруға байланысты болмақ.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.