ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, заң жобасының көмегімен «баласы бар азаматтарға жәрдемақы тағайындаудың біртұтас жүйесі» құрылмақ. Мәселен, заң жобасын жасаушылар
2006-жылдың 1-шілдесінен бастап отбасының кірісіне қарамастан, бір жасқа дейінгі әр баланың бағым-күтіміне деп 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және одан жоғары мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды ұсынып отыр. Сонымен бірге 2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы белгілеу көзделген. Г.Қарағұсованың айтуынша, бұл жәрдемақы «жан басына шаққандағы кірісі азық-түлік қоржынының құнынан төмен отбасыларға» беріледі. Сонымен бірге министрдің айтуынша, отбасының балалы болуына байланысты қазір төленетін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір мәрте жәрдемақы сақталып қалады.
Г.Қарағұсова аталмыш заң жобасы қабылданған жағдайда 2006-жылы оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 16,1 млрд. теңге қажет екенін жеткізді.
Заң жобасы сенаттың қарауына ұсынылды.