Жарияланды: 1200

Мәжіліс "Бәсекелестік туралы" заң жобасын мақұлдады (толық нұсқасы)

Астана. 12 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс "Бәсекелестік туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қорытындысына сәйкес, "Бәсекелестік туралы" заң жобасы мемлекет басшысының 2008 жылғы ақпаның 6-сындағы "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Аталған заң жобасының тұжырымдамалық негіздері туралы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев баяндап берді. Заң жобасының мақсаты бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарында еркін бәсекелестіктің дамуы үшін тартымды және ашық жағдайлар жасау болып табылады. Сонымен бірге бәсекелестікті шектеу мен нарыққа қатысушылар арасындағы сөз байласу фактілерін анықтаудың дәл тетіктерін айқындау мақсаты көзделіп отыр. Сондай-ақ заң жобасы экономика салаларын "жасырын" монополияландырудың алдын алуға, монополияға қарсы органның рөлі мен өкілеттіктерін күшейтуге, оның қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Заң жобасы "Жосықсыз бәсеке туралы" заң мен "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" заңның ережелерін біріктірді және дамытты. Заң жобасы 5 бөлімнен, 14 тараудан және 80 баптан тұрады. Осы заң жобасымен мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының мақсаттары мен толымды негіздері айқындалды. Сондай-ақ, бәсекелестікке қарсы келісімдерді және бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерді монополияға қарсы заңнаманы бұзудың дербес тәсілдеріне бөлу көзделіп отыр. Заң жобасын қабылдау жеке кәсіпкерлік субъектілері шығыстарының ұлғаюына әкеп соқтырмайды. Өйткені заң жобасы бизнестің кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділігінің өсуін дамытуға бағытталған. "Заң жобасы қабылданған жағдайда тауарлар өндірісінің өсуін, өнімнің негізделген құнын қолдануды, инновацияларды енгізуді ынталандыратын адал бәсекелестіктің дамуы үшін қажетті жағдай жасау көзделеді. Бұл түпкі нәтижеде ел мен қоғамның әл-ауқатының өсуіне әкеледі", деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі. Мәжіліс депутаттары Владимир Бобров пен Валерий Доскалов осы заң жобалары бойынша үкіметтік жұмыс тобының құрамына кірген болатын. Парламентшілердің түсіндіруі бойынша, заң жобасының мақсаты - бәсекелестікті қорғау. Заң жобасын қабылдау жеке кәсіпкерлік субъектілері шығыстарының ұлғаюына әкеп соқтырмайды. Өйткені тауар нарықтарында еркін бәсекелестікті дамыту үшін тартымды және айқын шарттар жасауға, бизнестің кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділігінің өсуін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, бүгін өткен жалпы отырыста мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Палата заң жобасын бүгінгі жалпы отырыста екінші оқылымда қарауға дауыс берді. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін