Бұл заң жобасының көмегімен қолданыстағы заңнамадан «Жоғарғы кеңес», «министрлер кабинеті», «жергілікті әкімшілік басшылары» тәрізді көнерген терминдерді алып тастау ұсынылған. Осыған байланысты «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы», «Азаматтық туралы», «Аралдағы экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылған.
Талқылау барысында бірқатар мәжіліс депутаттары, соның ішінде экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитеттің депутаттары заң жобасын «немқұрайды» жоба деп тауып, оны үкіметке қайтаруды ұсынды. Мәселен, Амангелді Таспихов заң жобасын мақұлдаған жағдайда парламент «мазмұны мүлдем өзгермеген ескі заңды жаңаша киіндіріп қабылдайды» деген пікір білдірді.
Бұл пікірге қосылған Владимир Нехорошев: «ескі заңдарды азды-көпті ғана сылап-сипап жөндеп, қайта қабылдау қисынға келмейді», деді.
Ал мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің төрағасы Сергей Жалыбин «өзгерістер енгізу ұсынылып отырған заңдар әлі де өз күшінде, ал заң жобасы толықтырылып жатқан кезде елімізде құқықтық вакуум орнығады», деп мәлімдеді.
Сөйтіп талқылау нәтижесінде палата құжатты салалық комитетке қайтаруға шешім қабылдады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті