Мәжіліс Бюросында депутаттар талқысына шығарылатын заң жобалары белгілі болды
Бүгін ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда алдағы аптада мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды. |
Палатаның Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынатын болды. Сондай-ақ осы комитет кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда қарауды ұсынды.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» және соған сәйкес ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті еліміздің кейбір заңдарына экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынып отыр.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» екі заң жобасы күн тәртібіне енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Аграрлық мәселелер комитетінің ұсынысымен жер қатынастарын реттеуге қатысты заң жобасы бойынша Парламенттің қос Палатасы арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары қаралады.
Бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері де қаралды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін