Мәжілістің жалпы отырысы депутат Амангелді Айталының ұсынысымен басталды. Ол отырыстың күн тәртібіне өзгеріс енгізіп, кезекті президент сайлауының «мерзімін жариялау» деген анықтаманың орнына «мерзімді тағайындау» деп жазуды ұсынды.
«Олай болса ҚР әділет министрлігі мен Конституциялық кеңеспен шұғыл консультациялар өткізетін депутаттық комиссия құралық»,- деді мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Депутаттар палата төрағасының ұсынысын құптады. Мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша бір сағаттың ішінде ортақ мәмілеге келуге тиіс.
Қазір жалпы отырыста депутаттық сауалдар оқылуда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутаттар кезекті президент сайлауының мерзімін жариялайды
Сонымен бірге жалпы отырыста депутаттар «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні бекіту туралы» және «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні бекіту туралы» заң жобалары бойынша палатаның салалық комитеттерінің қорытындыларын дайындау мерзімін анықтайды. Сонымен бірге 2006-жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы бойынша қорытынды дайындау мерзімін анықтау көзделген.
Жалпы алғанда жалпы отырыстың күн тәртібіне 21 мәселе шығарылады.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті