Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында депутаттар мемлекеттік саясаттың кәсіпкерлікті қолдау саласындағы басылымдылықтарына барынша назар аударды. Осы тұрғыдан Елбасының былтырғы желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айқындалған мақсаттарды жүзеге асыру шаралары жайында әңгіме өрбіді. Халық қалаулылары Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудағы бизнес-қауымдастықтың рөлі жайында да сөз қозғады. Бұдан бөлек, ел экономикасындағы ғылым мен инновация рөлі, сондай-ақ, инновациядағы ғалымдар мен кәсіпкерлер арасындағы тығыз байланыстың қажеттілігі туралы да айтылды. Өз кезегінде кәсіпкерлер тарапынан Қазақстандағы іскерлік климатты жақсарту туралы бірқатар ұсыныстар жасалып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудағы оң өзгерістерге мән берілді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесулер өткізіп, «Сезім» балабақшасы мен Керейт ауылындағы О.Ағыбаев атындағы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ, депутаттар өңір кәсіпкерлерімен, ғалымдарымен және шығармашылық зиялы қауымымен жүздесті. Сонымен қатар ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары У.Бишимбаев пен Н. Нестерова «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады.