Жарияланды: 590

Мәжіліс депутаттарының Маңғыстау өңірі тұрғындарымен кездесуінде жұмыспен қамту мәселелері талқыланды

Парламент Мәжілісінің депутаттары Жамбыл Ахметбеков пен Гүлнар Сейтмағанбетова Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында облыс тұрғындарымен кездесті.

Бұл туралы Мәжіліс Аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. Мәжілісмендердің маңғыстаулықтармен кездесуінде Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы және халықты жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Іс-шараға ҚХКП облыстық кимитетінің, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері, қалалар мен аудандар әкімдері, кәсіпорындар мен мекемелер жұмысшылары, жоғары және орта оқу орындарының түлектері мен басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұхамбет Жүнбасов жүргізіп, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Г.Қалмұратова «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысы жөнінде әңгімеледі. - Облыс бойынша жұмыспен қамту бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Жұмыспен қамту органдарына 2012 жыл бойы 15754 адам хабарласты, олардың ішінен бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргені - 1743. Барлығы 1671 әлеуметтік келісімшартқа қол қойылған, соның ішінде: өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар - 15,6% немесе 262 адам, жұмыссыздар - 80,6% немесе 1647 адам, тұрмыс жағдайы төмендер - 3,7% немесе 62 адам. Бағдарламаға қатысып отырған жастардың үлесі 67,2% (1123 адам), әйелдердің үлесі - 58,3% (975 адам) құрайды. Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәдірибесінен 826 адам қабылданған, - дейді Г.Қалмұратоваға. Бұдан кейін Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі және мәжілісмендер сөз сөйледі. - Қазіргі таңда республика бойынша 2011 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының алғашқы нәтижелерін шығару жүріп жатыр. Бөлінген қаражаттың тиімділігін сараптаудан өткізу қажет болып тұр, осы сараптама негізінде анықталған проблемаларды шешу, сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама жұмысын жалпы жақсарту жөнінде ұсынымдар жасақталады. Сол үшін біздер, Мәжіліс депутаттары, халықпен кездесулер өткізіп, кең жұртшылықтың пікірлеріне құлақ салып жүрміз, - деді өз сөзінде Жамбыл Ахметбеков.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін