Парламент мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қарағұсова премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында 2016 жылдан бастап елімізде республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгенін атап өтті. Жаңа жүйеге көшу арқылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын 28%-ға, білім және ғылым қызметкерлерінің жалақысын 29%-ға дейін көтеру жоспарланған.
Дегенмен 2016 жылы білім қызметкерлерінің жалақысы одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі бар-жоғы 0,7%-ға көтерілген. 2017 жылы білім қызметкерлерінің нақты орташа жалақысы 4,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі 4,3%-ға азайған.
"Яғни іс жүзінде білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысы көбеюдің орнына азайған болып тұр", — деп жазылған депутаттық сауалда.
Қарағұсова елордадағы 18 жастан асқан мүгедектермен жұмыс істейтін "Нұрлы жүрек" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысын мысалға келтірді. Бұл ұйымда санитар қолына 30 924 теңге, тәрбиешінің көмекшісі 28 247 теңге, ас үй жұмысшысы 27 390 теңге алады екен. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес, әлеуметтік қызметкерлер 26 мыңнан 40 мың теңгеге дейін алатынын атап өтті депутат.
"Коммунальдық төлемдердің өзі орташа 15-20 мың теңге болып жатқанда мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болады? Оған қоса азық-түлік сатып алу қажет, жолақысы бар, балаңды балабақшаға беруің керек. Қызметкерлердің көбісінің басында баспана жоқ, аядай ғана бөлмені жалдап отыр", — деп қынжылды Қарағұсова.
Депутат мұндай жалақымен қызметкерлердің көбісі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына да қатыса алмайтынын ашына айтты.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтық қызметкерлер жалақысының осыншалық аз болуына лауазымдық жалақыны есептеу кезінде қолданылатын базалық лауазымдық жалақы деңгейінің төмендігі басты себептердің бірі болып отыр. 17 697 теңге көлеміндегі базалық лауазымдық жалақы 2011 жылы бекітілген. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40%-дай аз және жеті жыл бойы өзгермеген.
Осыған байланысты Қарағұсова базалық лауазымдық жалақыны заңмен бекітілген айлық жалақының ең төменгі көлемімен алмастыруды ұсынды.