Мәжіліс мемлекеттік органдардың құзыретін бекітуге арналған жобаны мақұлдады
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. |
Заң жобасы Конституциялық Кеңестің мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелеріне арналған қаулысын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте мемлекеттік органдардың құзыреті ҚР Конституциясында, конституциялық заңдарында және заңдарда ғана емес, заңға тәуелді актілерде де белгіленуі мүмкін.
Осыған орай Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, Конституциялық кеңестің қаулысын, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың функцияларын қамтитын барлық заңнамалық актілерге талдау жасалған. «Заң жобасының негізгі құқықтық түпкі мақсаты тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге қосымша құқықтық жағдайлар жасау болып табылады. Алға қойылған мақсатқа жету үшін әртүрлі мемлекеттік органдардың құзыретін реттейтін қолданыстағы заңдар мен заңға тәуелді актілер деңгейінде мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен функцияларының ара-жігін нақты айыру шарасын белгілі бір логикалық-құқықтық жүйеге келтіруге әрекет жасалып отыр», - дейді Б. Имашев.
Бұдан бөлек, заң жобасымен мемлекеттік органдардың маңызды қоғамдық қатынастарды реттемейтін функцияларын қолданыстағы заңнамалық актілерден алып тастау көзделеді. Бұл ұлттық заңнаманы жеңілдетуге, мемелкеттік органдардың тиімді қызмет етуін арттыруға құқықтық аяны жетілдіруге мүмкіндік бермек.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін